23 сәу, 2024 сағат 12:05

Қытайдың оңтүстігінде су тасқыны салдарынан 110 мың адам эвакуацияланды


Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан үш қаланы су басып, 110 мың тұрғын эвакуацияланды, төрт адам қаза тапты, тағы 10 адам із-түзсіз жоғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BBC-ге сілтеме жасап. 

Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 36 үй қирап, тағы 48 үй қатты зардап шеккен. Үлкен аумақтар мен көшелер су астында қалды, көпірлер құлады.

Су тасқынынан провинция астанасы Гуанчжоу, сондай-ақ Шаогуань және Хэюань қалалары қатты зардап шекті. Гуанчжоу халықаралық әуежайындағы рейстер тоқтатылды. Үш қалада барлық мектептер жабылды.

Билік провинцияның солтүстігіндегі өзен деңгейі «100 жылда бір рет келетін» деңгейге жетуі мүмкін деп болжайды.

Су тасқынынан келген жалпы шығын 140 миллион юаньнан (19 миллион доллар) асады.