04 шіл, 2017 сағат 16:54

Қытайдағы су тасқынынан зардап шеккендерге қаражатты Димаштың өзі аудармаған

Қытайдың Хунань провинциясында болған су тасқынынан зардап шеккендерге ақшалай көмекті Димаш Құдайберген өз қалтасынан аудармаған.

Бұл туралы әншінің әкесі Қанат Айтбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен өзіміз жөніндегі көп жаңалықты баспасөз бетінен білемін... Димаш көрші елдің су басқан аймағына пəлен миллион аударыпты дегенді де жариялапты. Əр елдің салты басқа - Димаштың өнеріне тəнті қытайлық фирма өз жерлестеріне көмектесіп, біздің баланың атынан қаражат аударыпты. (Димаш ол деңгейге əзір жете қойған жоқ.) Бізге де, өздеріне де жақсылық жасағысы келген болар...», - деп жазды әншінің әкесі.

Белгілі болғандай, су тасқынынан зардап шеккендерге қаражатты Димаштың атынан әншінің Қытайдағы продюсерлік компаниясы BG Talent аударған.