01 мау, 2021 сағат 18:08

Қытайда алғаш рет адамға құс тұмауының H10N3 штамы жұқты


Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясының Чжэньцзян қаласында адамның H10N3 құс тұмауы штамын жұқтыру фактісі анықталды. Бұл туралы Қытайдың Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитеті мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

41 жастағы ер адам 23 сәуір күні дене қызуының көтерілуінен қалтырай бастаған. Сонымен қатар басқа симптомдар да белгі берген. Сәуірдің соңында қызуы көтерілген күйде ауруханаға түскен. Диагнозы тек бір ай өткен соң – 28 мамырда анықталған. Қазір оның жағдайы тұрақты деп айтылады. Бұған қоса, дәрігерлер оны ауруханадан шығаруға болады деп санайды. Онымен араласқан адамдардан әзірге тұмау белгілері анықталмаған.

28 мамыр күні Қытай ауруларды бақылау және алдын алу орталығы жүргізген зерттеу бойынша H10N3 вирусын жұқтыру фактісі расталды.

H10N3 – үй құстары арасында тарайтын төменгі патогенді вирус түрі. Қазір оның тұрғынға қандай жолдармен жұққаны анықталып жатыр.

Reuters-тің жазуынша, Қытайда құс тұмауының түрлі штамы бар. Кейбірі құс шаруашылығымен айналысатын адамдардан табылған. Соңғы рет құс тұмауының H7N9 түріне байланысты індет 2016-2017 жылдары өршіген. Ол кезде аурудан шамамен 300 пациент қайтыс болған.

2019 жылдың соңынан бастап Қытайдан коронавирустың жаңа түрі әлемге тараған. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет кезінде 170 миллионнан астам адамға вирус жұққан, шамамен 3,5 млн адам қайтыс болған.