17 мау, 2021 сағат 10:25

Қытай орбиталық станция құрылысын жүргізуге ғарыш кемесін ұшырды


Бортында үш ғарышкері бар «Шэньчжоу-12» басқарылатын ғарыш кемесі бейсенбі күні таңертең Қытайдың солтүстік-батысындағы Гоби шөліндегі «Цзюцюань» ғарыш айлағынан ұшырылды. Кеменің ұшырылуының тікелей трансляциясын Қытайдың орталық телеарнасы жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аппаратты орбитаға шығару үшін CZ-2F тасымалдаушы зымыраны қолданылды. «Шэньчжоу-12-нің» ұшырылуы бес жылда алғашқы рет орын алып отыр. Соңғы басқарылатын ғарыш миссиясы 2016 жылы жүзеге асырылған. 

«Шэньчжоу-12» басқарылатын ғарыш кемесі «Цзюцюань» ғарыш айлағынан 17 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 09:22-де ұшырылды. 

Экипаж құрамында 56 жастағы Не Хайшэн, 54 жастағы Лю Бомин және 45 жастағы Тан Хунбо бар. Хайшэн бұған дейін екі мәрте ғарышқа ұшса, Бомин ғарышта бір рет болған. Хунбо алғаш рет ғарышқа көтерілді.

Олар ашық ғарышқа екі рет шығып, станция жұмысын тексереді және робот манипуляторды сынақтан өткізеді.

Орбитаға шыққанан кейін ғарыш кемесі автоматты түрде «Тяньхэ» ғарыш станциясының негізгі модуліне жақындап, онымен түйіседі. Нәтижесінде осы модульмен және «Тяньчжоу-2» жүк кемесімен орбиталық кешен құрады. Одан кейін «Шэньчжоу-12» кемесінің бортындағы ғарышкерлер негізгі модульге ауысып, орбитада үш ай мерзімге қалады. 

Ғарыш айлағына арналған «Тяньхэ» базалық модулі ғарышқа осы жылдың сәуірінде, «Тяньчжоу-2» жүк кемесі мамырында жіберілген.