Биыл Аспан асты елінің басты мерекесі - Қытай Жаңа жылы («Чуньцзе» көктем мерекесі, ай күнтізбесі бойынша дәстүрлі Жаңа жыл) 11 ақпаннан 12 ақпанға қараған түні келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Дәстүрге сәйкес, Қытай Жаңа жылын мерекелеуге дайындықты бір апта бұрын «Кіші Жаңа жыл» деп аталатын уақыттан бастайды, ал мерекенің алдындағы іс-шаралар тізбегі қатаң түрде күндер бойынша жоспарланған.
Алайда қазір ҚХР азаматтары бұл тәртіпті ұстанбайды. Тек «Чуньцзе» мерекесіне дейін үйді тазалап, жинап, өтіп бара жатқан жылдың сәтсіздігімен байланысты барлық «қоқыстардан» құтылуды әдетке айналдырған. Ересектер балалармен бірге терезелерге ілінген қызыл қағаз өрнектерін қиып, үйге кіреберіс орынды шамдармен безендіреді, жаңа жылдық тілектері жазылған қағаздарды үйдің есіктеріне іліп қояды.
Биыл коронавирусқа байланысты Бейжің әкімшілігі ел астанасының тұрғындарын жаңа жылдық мерекелер кезінде мейрамханаларға барудан аулақ болуға шақырды.
Қытай астанасының тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс аптасы кезінде саябақтарға, хайуанаттар бағына және басқа да ашық туристік орындарға кіру тегін, сондай-ақ Бейжіңнің қала маңындағы аудандарына жоғары жылдамдықты тас жолдармен тегін жол жүру жүйесі енгізілген.
Дәстүр бойынша, Қытай Жаңа жылы басталғаннан кейінгі алғашқы үш күнде адамдар басын жуып, шашын қиып тастай алмайды, өйткені бұл «байлықтың жоғалуын» білдіреді, сонымен қатар дәл осындай себептермен пәтерді тазаламау керек.
Еске сала кетейік, ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл 12 ақпанда келді. Қытайда Жаңа жылды тойлау екі аптаға созылады және шамдар мерекесімен («Юаньсяцзе») аяқталады.