Үрімжідегі мешітте жұма намазына жиналған ер кісілер мен балалар. Қытай, мамыр 2014 жыл (Көрнекі сурет):
Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданының билігі жаңа туған балаға әдетте мұсылмандар көп қолданылатын діни мағынасы бар есімдерді қоюға тыйым салды. Тыйым салынған есімдер тізіміне ондаған есім енгізілген.
25 сәуірде Азат Азия Радиосының эфирінде сөйлеген Шыңжаң әкімшілігінің ресми өкілі батыстық БАҚ-та жарияланған, Ислам, Құран, Мекке, Жиһад, Имам, Қажы, Медине сияқты есімдер Қытайда биліктегі коммунистік партияның тыйым салынған есімдер тізіміне кіргізілгені туралы ақпарды растады. Қытай коммунистік партиясы тыйымды таяуда жариялаған "Этникалық азшылық өкілдеріне есім беру ережелері" деп аталатын құжаты негізінде салған. Шыңжаң аймағының әкімшілік орталығы - Үрімжі қаласы полициясының өкілі мұсылманша есім қойылған балалардың денсаулық сақтау және білім беруге қол жеткізетін мемлекеттік тіркеу жүйесінен шығарылатынын хабарлады.
Ереже негізінен аймақтың исламды ұстанатын байырғы тұрғындарына әсер етейін деп тұр. Аймақта исламды ұстанатын кем дегенде 10 миллион ұйғыр, 1,5 миллион қазақ, 150 мыңға тарта қырғыз, бес мың татар, төрт мың тәжік пен мыңға тарта дүнген тұрады.
Ұйғырлар ұзақ уақыттан бері Қытай билігінің өздеріне қарсы қуғындау саясатын ұстанады деп айыптап келеді. Қытай коммунистік партиясы Шыңжаң аймағын қатаң бақылауда ұстайды. Бұл аймақ туралы ақпаратты тәуелсіз ақпарат көздерінен анықтау өте қиын.