Қытай билігі үш атом электр сатнциясында алты жаңа атом реакторының құрылысын мақұлдады. Бұл туралы Қытай ядролық энергетика қауымдастығының (CNEA) мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Қауымдастықтың мәліметінше, жаңа энергоблоктар Шығыс Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы «Санмэнь» АЭС-інде, «Хайян» АЭС-інде (Шаньдун, Шығыс Қытай) және «Люфэн» АЭС-інде (Гуандун, Оңтүстік Қытай) іске қосылады.
Салалық басылымдардың жазуынша, «Санмэнь» және «Хайян» АЭС-тарының екінші кезегінде САР-1000 атом реакторларын, ал «Люфэн» АЭС жаңа алаңында «Hualong – 1» реакторларын орнатады.
Екінші кезектегі екі жаңа энергоблокты іске қосқаннан кейін «Хайян» АЭС-і жылдық электр энергиясын өндіру қуаты 20 млрд кВт*сағатты құрайтын болады. Бұл 2 миллионға жуық адамның электр энергиясына деген жылдық сұранысын қанағаттандыруға, көмірді тұтынуды жылына 8,55 млн тоннаға азайтуға, сондай-ақ көміртегі қостотығы, күкірт қостотығы мен азот тотығы шығарындыларын тиісінше 16 млн тоннаға, 52 мың тонна және 45 мың тоннаға азайтуға мүмкіндік береді.
Салалық сарапшылардың бағалауына сәйкес, III буынды бір атом реакторының құны 20 млрд юаньды (3,1 млрд АҚШ доллары) құрайды. Үш АЭС-те алты энергия блогын іске қосуға арналған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 120 млрд юаньға (18,6 млрд АҚШ доллары) жетеді.
Әлемдегі екінші ірі ядролық энергия өндірушісі Қытай өзінің климаттық мақсаттарына жету үшін ядролық энергияға инвестиция салуды жалғастыруда.