13 нау, 2017 сағат 08:23

Қырықүңгірдің құпиясы қашан ашылады?

Былтыр Шығыс Қазақстандағы бес бірдей тарихи орынға ауқымды археологиялық жұмыстар жүргізілген еді. Солардың бірі – Абай ауданындағы Қырықүңгір қорымы.

Қорым Тоқтамыс батыр ауылынан солтүстікке қарай екі шақырым жерде, қос мұсылман зиратының ортасында орналасқан. Жерге ат қоюға келгенде қазақтай шебер халық жоқ шығар бұл дүниеде. Тау бетіндегі қуыс-қуыс үңгірлердің көптігінен-ақ Қырықүңгір атауының қалайша дәл қойылғанын аңғарасыз. Жергілікті тұрғындар арасында бұл жердің Қырық екі үңгір немесе Бестамақ дейтін де атауы бар көрінеді.

Археолог ғалымдардың айтуына қарағанда, Шыңғыстаудағы қазба жұмыстары бұған дейін тек Сарыкөл маңында ғана жүргізілген. Бұл істі ең әуелі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін белгілі ғалым, ұзақ жылдар Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайды басқарған Әбусағит Жиреншин бастап, аталған мұражайдың қызметкері Л.Нифонтова Сарыкөл маңы ескерткіштерін ғылыми айналымға енгізеді.

80-жылдардың соңында Шыңғыстаудың тумасы, археолог Әбдіманап Оразбаев Сарыкөл, Көлденең, Базаралы аймақтарындағы ерте темір дәуірінің қорғандарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бұл өңірде әуелі Әбдеш Төлеубаев пен Ғани Омаров, 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Шыңғыстау өлкесіндегі түркі дәуірінің ескерткіштері» жобасы аясында Зейнолла Самашевтің басшылығымен 3 жыл бойы қазба жұмыстары қолға алынады.

Үш мың жылдық тарихы бар асықтар

Біз сөз еткелі отырған Қырықүңгір қорымындағы археологиялық жұмыстар 2014 жылы Астанадағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың қолдауымен жасақталған «Шыңғыстау археологиялық экспедициясы» аясында басталған екен. Экспедиция жетекшісі – аталған университеттің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевтің айтуынша, бір шаршы шақырым аумақта орналасқан қорымнан қола және ерте темір дәуірлерінің 500-ден астам ескерткіштері тізімге алыныпты. Қазіргі таңда сақ, ғұн-сармат және түркі дәуірлерінің ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді.

Қырықүңгір қорымының басты ерекшелігі – бұл жерден есте жоқ ескі замандардан сыр шертетін асықтардың табылғандығы. 2014 жылғы қазба жұмыстары кезінде осындағы қорымдардың бірінен қола дәуіріне жататын тас жәшіктің ішінен 140 асық табылыпты. Бір таңғаларлығы, бұл жәдігерлердің барлығы қынамен боялған әрі тесілген болып шыққан. 2015, 2016 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде де асықтар табылған, қазіргі уақытта олардың ұзын саны 200-ден асыпты.

– Қырықүңгір обасының басты жаңалығы – асықтар тек егде адамдардың қабірінен, тас жәшіктің ішінен, жерленген кісінің аяғының қасында үйілген күйде табылды. И.Ковалева, Ю.Кирюшин, Н.Рослякова, С.Сотникова сынды Ресей зерттеушілері жерлеу орындарынан табылған асықтардың тек қана балалар ойынына қолданылғанын айтып келген еді. Себебі, осыған дейін асықтар көбінесе балалардың қабірінен табылған болатын. Бұл жолғы асықтар ересек адамдардың қабірінен табылып отырғандықтан және бір шетінде тұмар ретінде тағылған тесіктері бар, екі шетінің егелгені, қызыл түске боялғандарын ескере келе асықтың тек бала ойыны үшін емес, сонымен бірге ғұрыптық, дүниетанымдық мәні бар деп жорамалдауға негіз болып отыр, –  дейді Ұлан Үмітқалиев.

Қазақта асыққа қатысты дүние көп. «Асығың алшысынан түссін» деп тілек айтып жатамыз бір-бірімізге. Оңтүстік өңірде Асық ата деген мазар бар. Ұлттық аспабымыз жетігеннің әр шегінің астына асық қойылғанын біріміз аңғарсақ, біріміздің байқай бермейтініміз де рас.

«Мұның бәрі бекер емес. Асыл мұрамыз асыққа тек баланың ойыны ретінде ғана қарап, жөнді мән бермей келеміз. Асықты балалар ғана ойнамаған. Ертеде хан талапай, сасыр, құмар секілді үстел үстінде ойналатын асық ойындары да болған. Оның бәрі қазір біздің санамыздан өшті. Біздің мұратымыз – тек қана қазба жұмыстарын жүргізу емес, халқымыздың әдет-ғұрыптарына қатысты құнды мағлұматтарды жинақтап, ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға үлесімізді қосу», дейді археолог.

Біздің археологтар асықтардың неліктен мүрдемен бірге жерленгенінің сырын әлі аша қоймаған сыңайлы. Орыс зерттеушісі С.Сотникова асықпен жерлеуді балалардың жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөліп қарастырып, өзінің еңбектерінде «5-6 жастағы балалар аз асықтармен жерленген, яғни, ата-анасы қабірге баланың жасына қарай 1-ден 5-ке дейін асықтар қойған. Екінші, 7-14 жастағы балалардың қабірінде асықтардың көптеп кездесуі өздерінің ойнап, ұтқан асықтары болуы мүмкін», деген жорамал айтқан екен. Алайда зерттеушілер тарапынан ересек адамдардың қабірлерінде кездесетін асықтар туралы толық түсінік берген ешкім жоқ.

Сондықтан, Қырықүңгір қорымынан табылған асықтарды алдағы уақытта еліміздің ғалымдары мен тарихшылары, этнографтары жан-жақты зерделеп, құпиясын аша жатар деп ойлаймыз.

Бабаларымыз қола дәуірінде киіз басып, ота жасаған

Археологтарымыздың Қырықүңгір қорымынан тапқан құнды олжаларының қатарында сүйектен жасалған скальпел мен киіз қалдығын ерекше айтуға болады. Яғни, бұл біздің бабаларымыздың осыдан 3 мың жыл бұрын медицинаны меңгеріп, ота жасағанын, сонау замандарда киіз басуды да бір кісідей білгенін анық аңғартса керек.

Жалпы, Қырықүңгір қорымына қазба жұмыстары жүргізілген үш жылдың мұғдарында құпиясы әлі ашылмаған асықтардан бөлек адам мен жылқы сүйектерінің қалдықтары, қыш және қоладан жасалған әшекей бұйымдардың сынықтары, сүйектен жасалған жебенің ұштары секілді бағалы жәдігерлер табылған. 2016 жылғы қазба жұмыстары кезінде қоладан, сүйектен, бирюзадан жасалған моншақтар мен бір қорғаннан адам мүрдесінің бас жағынан қола айна, қаңқаның оң жақ бүйірінен алтын сырға, қабырғасының астынан аң стилінде жасалған алтын қапсырма табылыпты.

Реті келгенде айта кетейік, Қырықүңгір қорымындағы қазба жұмыстары өткен жылы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған археологияны дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы аясында жүргізіліп, оған облыстық бюджеттен 4 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген-ді. Қазба жұмыстарына АҚШ, Ұлыбритания, Польша елдерінің ғалымдары да қатысқан еді.

Ұлан Үмітқалиевтің айтуынша, Қырықүңгірдегі қазба жұмыстары биыл да жалғасын табады. Қорымнан табылған артефактілер алдағы уақытта еліміздің және шет елдердің заманауи технологиялармен жарақтандырылған зертханаларында жан-жақты зерттеуден өтеді. Кейбір жәдігерлер қазіргі кезде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы археологиялық қалпына келтіру және сақтау зертханасында алғашқы камералық зерттеуден өтіп жатқан көрінеді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы