17 шіл, 2020 сағат 09:07

Қырғызстанда Covid-19 вирусын жұқтырушылар саны күрт өсті

Қырғызстан шілде айында Covid-19-ға шалдыққандар саны 4,5 есеге өскен, деп хабарлайды BBC.

Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты ауруханаларда орын жетпей жатыр, дәрі-дәрмектерді науқастардың туыстары сатып алуда. Елдің денсаулық сақтау жүйесі өздерінежүктелген міндетті орындай алмай жатыр, ал депутаттар демалысқа кетті. 

Қырғызстан көршілері Қазақстан мен Өзбекстан секілді наурыз айының соңында әуе шекарасын жауып, елде қатаң шектеу енгізді. 

Елдің ең ірі үш қаласында – Бішкек, Ош, Джалал-Абадта және бірнеше ауданда төтенше жағдай және коменданттық сағат жарияланды. Жергілікті тұрғындардың үйлерінен шығуына тыйым салынып, кәсіпорындардың қызметкерлері қашықтан жұмыс істеді. Қоғамдық көліктер мен такси тоқтатылып, елдегі білім ошақтары екі айға жабылды. Шектеуді бұзғандарға айыппұл салынды. 

Мұндай қатаң шаралар Қырғызстанға қымбатқа түсті: салық ондаған есеге қысқарды. Бюджет дефициті 37 млрд сомға (500 млн доллар) жетті. Экономика министрлігі жыл қорытындысы бойынша ЖІӨ – минус 5,3%-ға төмендейді деп болжап отыр. Бұл ел мұндай дағдарысты 1990 жылдары бастан өткерген еді. 

Мамыр айында карантин босаңсыған кезде денсаулық сақтау министрлігі 6,5 млн тұрғын арасында тек 1002 адам ауру жұқтырып, 12 адамның қайтыс болғанын мәлім етті. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі басқа елдерден келген қырғыз азаматтары. 

Қырғызстан шектеу шараларын бір айдың ішінде біртіндеп ала бастады: экономиканың барлық секторы, соның ішінде қоғамдық көліктер мен базарлар бірінен кейін бірі жұмысқа кірісті. Сол кезде Covid-19 жұқтырғандар саны 2 мың адамға жетті. 

Маусым айында барлық шектеу шаралары алынып тасталғаннан кейін ауруға шалдыққандар саны бірден өсті: карантин кезінде күніне 25-80 адам коронавирус жұқтырса, маусым айының ортасында бұл көрсеткіш 300-700 адамға жетті. 

Қазір қалада адамдар дүрлігіп жатыр.