25 шіл, 2020 сағат 14:33

Қырғызстанда 30 шілде - коронавирустан қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күні

Қырғызстанда 30 шілде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды Ұлттық аза тұту күні болып жарияланады. Бұл туралы Қырғыз республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков «Биринчи радиоға» берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды Кабар агенттігі.

«Мен бұл туралы ойлап жүрген едім. Уақытынан ерте айтқым келмеген, бірақ сол туралы сөз қозғағаннан кейін айта кеткен жөн деп ойлаймын. 31 шілде күні біз Құрбан айт мерекесін тойлаймыз. Ал 30 шілде ел бойынша Ұлттық аза тұту күні болып жарияланады. Соған сәйкес жарлық шығады», - деді сұрақтарға жауап берген Жээнбеков. 

Мемлекет басшысы қайтыс болған отандастарының отбасына көңіл айтты. 

Бүгінгі күні елде 32 124 COVID-19 бен пневмония оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 19 203 науқас жазылып шықса, 1 249 науқас көз жұмды.