Қырғызстанның сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына биылғы президенті сайлауына қатысуға ниет білдірген тағы үш адамнан өтініш түскен. Қырғызстан президенттігіне кандидат болғысы келетіндер саны қазір 51 адамға жеткен. Бұл туралы Азаттық жазды.
Қырғызстан президенті сайлауына түсуге "Полот бек" қоғамдық қорының президенті Полотбек Кенжеқұлов, "Ридуан" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Ақылбек Мансуров, қоғам қайраткері Талғатбек Кожогулов өтініш берген.
Қырғызстанда президент сайлауы биыл қазанның 15-і күні өтеді деп белгіленген. Президент сайлауына түсуге ниет білдіргендер ресми органға өтінішін тамыздың 1-іне дейін тапсыруы тиіс. Президенттікке кандидаттардың түпкілікті тізімін сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссия қыркүйектің 10-ы күні жариялайды.
Қырғызстан конституциясы бойынша, президент тек бір ғана мерзімге сайланатындақтан елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаев бұл қызметтен кетеді. Бірақ Қырғызстан конституциясына соңғы енгізілген өзгертулер президенттің өкілетін азайтып, премьер-министрдің құзыретін кеңейтті. Саяси бәсекелестері Атамбаев негізгі заңға өзгертулерді өзі президент қызметінен кеткеннен кейін үкімет жетекшісі ретінде билікке қайта келу үшін енгізді деп санайды.