Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек ауданының Жаны-Жер ауылында жергілікті тұрғындар атылған оқтың астында қалған, деп хабарлайды Кабар ақпараттық агенттігі.
Қырғыз тарапының тұжырымы бойынша, қақтығыс толық тоқтамаған.
«Расымен де, шекара маңы ауылдарында атыс болып жатыр. Шекарадағы жағдай күрделі болып қалуда», - деп жазды агенттік.
Еске сала кетсек, 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі ел тұрғындары өзара келіспей, қақтығыс басталды. Қырғызстанның Баткен облысының Баткен ауданының «Головной» елді мекенінде жағдай шиеленісіп кетті. Қырғыз тарапы қақтығыс аймағынан 848 адам көшірілгенін мәлім етті.
Қырғызстан мен Тәжікстан 29 сәуірде сағат 20:00-ден бастап атысты тоқтату туралы келісімге келді.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдемеме жасады.