30 сәу, 2021 сағат 15:28

Қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі - министр


ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой саладағы Ұлттық жоба туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында біз Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын Ұлттық жобаға көшіру бойынша жұмысты бастадық. Ұлттық жобаның негізгі бағыттары: «Денсаулық сақтауды дамыту», «Эпидемиологиялық болжау мен оған ден қоюдың қазіргі заманғы жүйесін қалыптастыру», «Қазақстанның отандық фармацевтикалық өнеркәсібін қалыптастыру», «Бұқаралық спортты дамыту». Ұлттық жобаның негізгі ұлттық индикаторы 2025 жылы күтілетін өмір сүру ұзақтығының 75 жасқа дейін ұлғаюы болып отыр», - деді министр халық алдында есеп беру кездесуінде.

«Дені сау ұлт» Ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде мына нәтижелер ескеріліп отыр:

- барлық көздерден келіп түсетін денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемін елдегі ЖІӨ-нің 5% -ға дейін ұлғайту;

- экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүргізуге жыл сайын 7 мың квота бөлу;

- өңірлерде 20 қазіргі заманғы медициналық орталық салу;

- ауылдық елді мекендерде 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу;

- МӘМС қаражаты есебінен әрбір азамат үшін қымбат тұратын медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

- дәрігерлердің орташа жалақысын экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есеге ұлғайту;

- отандық өндірістің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарының үлесін 50% - ға дейін (құндық мәнінде) ұлғайту.