04 сәу, 2019 сағат 14:47

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне жаңа басшы келді

Ішкі істер министрінің бұйрығымен ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы лауазымына әділет полковнигі Дархан Тұрсынұлы Қанатбеков тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚАЖК жаңа төрағасын жеке құрамға министр Ерлан Тұрғымбаев таныстырды.

Д. Қанатбеков қылмыстық атқару жүйесі органдарында 2001 жылдың қазан айынан бері қызмет атқарып келеді. Жұмыс тәжірибесі, оның ішінде басшылық қызметтегі іс-тәжірибесі мол.

Ол қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бөлім бастығы, бастықтың орынбасары, Қарағанды облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, департамент бастығы болып қызмет етті. Қазақстан Республикасы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары болған.

Кездесу барысында Ерлан Тұрғымбаев Комитет қызметкерлеріне ішкі істер органдарын және қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту бойынша негізгі іс-шаралар туралы айтып, ел Президентінің ІІМ-нің алдына қойған жаңа тапсырмаларына тоқталды.