Өзбек кәсіпкері, Өзбекстанда қылмыс әлемі жетекшілерінің бірі болып саналатын Гафур Рахимов AIBA – Халықаралық бокс қауымдастығының атқарушы президенті болып тағайындалды, - деп жазады centralasian.org.
Бұл шешім өткен сенбі күні Франко Фальчинелли қызметінен кететінін мәлімдегеннен кейін белгілі болды. AIBA-ның жаңа президентін сайлау биыл қараша айында Мәскеуде өтеді.
27 қаңтарда Халықаралық бокс қауымдастығының конгресінде АҚШ қаржы министрінің «қара тізіміне» ілінген Гафур Рахимов AIBA-ның атқарушы президенті болып тағайындалды.
67 жастағы Гафур Рахимов танымал өзбек кәсіпкері. Ол сонымен бірге Азиялық бокс федерациясының вице-президенті. Ол 1998 жылдан бері AIBA атқарушы комитетінің мүшесі. 2002 жылдан 2012 жылға дейін бұл ұйымның вице-президенті болып келді.
2012 жылы АҚШ қаржы министрі Гафур Рахимовқа «Орталық Азияда есірткі өнімімен айналысады» деген айыппен қаржылық санкция салған. Ол Өзбекстаннан 2010 жылы кеткен. Содан бері Дубайда тұрады.