Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация науқаны басталған белгілі. Алғашқы кезеңде негізінен медицина қызметкерлеріне екпе жүргізіліп жатыр. Соның бірі - елордадағы №15 қалалық емхананың мобильді бригадасының мейірбикесі Анар Әшімова екпе алған 1 аптадан кейінгі әсерін бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирусқа қарсы екпе салдырғаннан кейінгі алашқы сәтте өзімді жақсы сезінген едім. Дегенмен, вакцинадан соң екінші, үшінші күнде денемде әлсіздік байқалып, басым ауырғандай күй кештім. Бірақ, уақыт өте келе мұндай симптомдар біртіндеп жойылды. Қазір вакцина алғаныма бір аптадан астам уақыт өтті және өзімді жақсы сезінемін», - деді ол.
Осы ретте медицина қызметкері коронавирусты жеңіп, қалыпты өмірге тезірек қайта оралуымыз үшін вакцинация жасау қажеттілігін баса айтады.
«Вакцина жасатқан дұрыс. Өйткені, ол бізді түрлі бактериялардан, вирустан қорғайды. Сондықтан да вакцина алудан еш қорқудың қажет жоқ. Өйткені, ол біздің ағзамызға күш-қуат берумен қатар түрлі инфекциядан қорғайды. Негізі, вакцина салдырған адамдарда аса қауіпті вирустық аурулар жеңіл түрде өтеді. Жалпы, адамдар санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап, осынау қиын кезеңде сабырлық таныта білсе, өздерін күтінсе маскасыз өмірге тезірек ораламыз», - деді Анар Әшімова.