КВИ-ға қарсы вакцинамен екпе алған адамдар қан және оның компоненттерінің донорлығынан 2 аптаға шеттетіледі. Бұл жайында ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Құжатта иммуносупрессивті ем қабылдайтын пациенттерде және иммун тапшылығы бар пациенттерде жеткілікті иммундық жауап дамымауы мүмкіндігі ескертіледі. Сондықтан иммундық жүйенің жұмысын тежейтін препараттарды қабылдау иммуногенділіктің төмендеу қаупіне байланысты вакцинациядан бұрын және одан кейін кем дегенде 1 ай қарсы көрсетілім болады. Жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар екпелерді жүргізу үшін уақытша қарсы көрсетілімдер болып саналады. Вакцинация сауыққаннан немесе ремиссиядан кейін 2-4 аптадан кейін жүргізіледі. Жіті ішек ауруларында вакцинация денсаулық жағдайы қалыпқа келгеннен кейін жасалады.
«КВИ-ға қарсы белсенділігі жойылған вакциналармен (Hayat-Vax, QazVac, КоронаВак және басқалары) және векторлық вакцинамен (Спутник V) екпе алған адамдар қан мен оның компоненттерінің донорлығынан 2 аптаға шеттетіледі. Тірі вакциналарды пайдаланған кезде егілген адамдар қан мен оның компоненттерінің донорлығынан 4 апта мерзімге шеттетіледі. КВИ-дің жіті және сипмтом жоқ түрі бар адамдар КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жатпайды. КВИ-ды қоса алғанда, инфекциялық аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін егіледі. Бұл ретте, КВИ-мен ауыратын науқаспен өзінің кәсіби қызметінің түрі бойынша жеке қорғаныш құралдарында байланыста болатын медицина қызметкерлері жатпайды», - делінген қаулыда.
Сондай-ақ құжатта вакцинациялау алдында КВИ-ға қарсы антиденелердің болуына скрининг (ИФТ және ПТР-зерттеу) жүргізілмейтіндігі атап көрсетіледі. КВИ-дің кез келген түрімен ауырып жазылған адамдарды сауыққаннан кейін және вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалауды ескере отырып, 6 айдан соң вакцинациялаудың толық курсымен егу ұсынылады. Бұл ретте КВИ-мен ауырғандарға сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинация жүргізуге жол беріледі.
Халықты вакцинациялау аумақтық медициналық ұйымдардың егу пункттерінде, арнайы контингентті вакцинациялау - тиісті ведомствоның қызмет орны бойынша жүргізіледі. Халық үшін вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және егу процесін жеңілдету мақсатында жылжымалы егу пункттерін немесе көшпелі егу бригадаларын ұйымдастыруға жол беріледі. Мүгедектер қатарындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарды вакцинациялау үшін КВИ-ға қарсы вакцинациялауды үйге барып жүргізу ұйымдастырылады. Иммундауға жататын адамдардың санына сәйкес егу бригадаларының, медицина қызметкерлерінің, оның ішінде иммунологтардың, жалпы практика дәрігерлерінің, терапевтердің, орта медицина персоналының, медициналық білімі бар тіркеушілердің қажетті саны, вакцинаның, басқа да шығыс материалдарының, тоңазыту жабдығының, автокөліктің саны есептеледі.
«Егу бригадасы әрбір егу пунктінде 1 бригадаға 300 екпеден аспайтын күнделікті жүктемені ескере отырып қалыптастырылады. Бұл ретте, 1 егу бригадасының құрамына: 1 дәрігер, 1 егу мейіргері және қажет болған жағдайда 1 тіркеуші кіреді. Ауылдық жерлерде құрамында: 1 фельдшер (дәрігер болмаған жағдайда), 1 егу мейіргері, қажет болған жағдайда 1 тіркеушіден егу бригадасын ұйымдастыруға жол беріледі», - делінген құжатта.