03 там, 2020 сағат 09:00

КВИ бойынша жаңа статистиканың артықшылығы неде – Цойдың жауабы

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың жағдайларын тіркеу бойынша жаңа статистикасының артықшылықтарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық бюросымен бірқатар техникалық консультация өткізіп, аурулардың кодтарының жаңа халықаралық жіктелуі бойынша COVID-19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көштік. 1 тамыздан бастап зертханалық расталған COVID-19 жағдайлары, соның ішінде ПТР теріс нәтижесі бар пневмония жағдайлары біріктірілді. Бұл нені білдіреді? Коронавирус жағдайларын кодтау алгоритміне сәйкес, біз қазір U07.1 кодын расталған жағдайлар үшін, ал U07.2 кодын расталмаған немесе ықтимал жағдайлар кездескенде қолданамыз. Бұл дегеніміз, бірінші және екінші кодтары бар пациенттер COVID-19 ауруына шалдыққан адам ретінде тіркелетінін білдіреді», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің айтуынша, бірінші кодтың анықтамасы өте айқын.

«Бірақ U07.2 коды болған жағдайда коронавирус инфекциясы эпидемиологиялық белгілеріне байланысты, яғни пациент ауру жұқтырған адамдармен байланыста болған кезде, сондай-ақ дене қызуы, құрғақ жөтел, интоксикация, тыныс алу жеткіліксіздігінің белгілері сияқты клиникалық белгілеріне қарай айқындалады», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл әдіс ауруға қатысты ахуалды дұрыс болжам-білуге, қажетті ресурстарды, медициналық кадрлар мен төсек орындарды, медициналық бұйымдарды, дәрі-дәрмекті дұрыс жоспарлап, статистиканың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.