05 ақп, 2021 сағат 15:35

Құтқарушылардың республикалық оқу-жаттығуы өтеді

Наурыз айында құтқарушылардың республикалық оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Наурыз айының басында су тасқынына ұшырау тәуекелі жоғары өңірлердің (Павлодар қаласы) бірінде «Көктем-2021» республикалық командалы-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланып отыр. Іс-Шара азаматтық қорғаныс мемлекеттік жүйесінің биылғы су тасқынын қауіпсіз өткізуге дайындық деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Оқу-жаттығу аясында нақты іс-шаралар кешені жүзеге асырылады. Яғни, қар шығарылып, өзендер мен арналардың аңғарлары тазартылады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, еліміздің 10 өңірінде, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Қостанай, БҚО, СҚО, ШҚО және Түркістан облыстарында 60-тан аса ірі су қоймаларының деңгейін қадағалау үшін апта сайын мониторинг жүргізіліп отыр. 

«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының алдын ала болжамды деректері бойынша жалпы қар қорының көлемі еліміздің Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының өзен бассейндеріндегі ылғал қоры орташа көп жылдық деңгейден төмен. Өзен бассейндерінде қардың жиналуы биылғы жылдың ақпан және наурыз айларына дейін жалғасады», - деді бірінші вице-министр. 

Жалпы аталған министрлік таратқан мәліметке сәйкес, Ақмола облысы Сілеті өзені бойынша орташа көп жылдық деңгейі шегінде. Ал, Қостанай облысында Тоғызақ өзені бойынша орташа көп жылдық деңгейден жоғары. Сонымен қатар, Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында топырақтың қату тереңдігінің көрсеткіші өткен жылғыдан орташа есеппен 70 см артық.