Елорда төрінде күрес түрлерінен өтіп жатқан лицензиялық Әлем чемпионатының жетінші жарыс күні басталады. Бүгін еркін күрес балуандары 70, 74, 92 және 125 келіде өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Айта кетейік, кеше әйелдер күресінен 62 және 68 келі салмақтағы, еркін күрестен 57 және 65 келі салмақ дәрежесіндегі финалистер анықталған болатын. Бүгін аталған санаттағы балуандар жүлделі орындарды сарапқа салады.
Сондай-ақ, кеше әйелдер күресінен 57, 59, 65 және 76 келіде чемпиондар мен жүлдегерлер есімі белгілі болды.
Әлем чемпионатының алтыншы күні қазақ балуандары үшін табысты болды десек те болады. Себебі, кеше балуандарымыз Токио Олимпиадасына бір емес, үш бірдей жолдама жеңіп алды.
Атап айтар болсақ, әйелдер күресінен 76 келі салмақтағы Элмира Сыздықова, еркін күрестен ерлер арасында 57 келіде ел намысын қорғаған Нұрислам Санаев және 65 келі салмақ дәрежесінде Дәулет Ниязбеков Олимпиада жолдамасына иелік етті. Соның ішінде Ниязбеков финалға шығып, жанкүйерлерін бір желпіндіріп тастады. Енді бүгін ол Әлем чемпионатының «алтыны» үшін сынға түседі.
Күрес түрлерінен Әлем чемпионатының 20 қыркүйек күнгі жарыс кестесі төмендегідей:
11.00-16.00 – еркін күрестен 70, 74, 92 және 125 келі салмақ дәрежесіндегі іріктеу айналымы;
11.00-16.00 - әйелдер күресінен 62 және 68 келі, еркін күрестен 57 және 65 келі салмақ дәрежесіндегі жұбаныш белдесулері;
16.45 – 17.45 - еркін күрестен 70, 74, 92 және 125 келі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалдық бәсекелер;
18.00-21.00 - әйелдер күресінен 62 және 68 келі, еркін күрестен 57 және 65 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық белдесулер және марапаттау рәсімі.