03 мау, 2017 сағат 07:18

Құптарлық бастама

Жапонияның IT технология саласындағы ірі компаниялары Қазақстан Президентінің елді Үшінші жаңғыруға бастайтын тың бастамасына қызығушылық білдіріп отыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының халықаралық және партияаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Жапонияға жасаған сапары барысында белгілі болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Атап айтқанда, бейнекамералар арқылы адам мен нысанды анықтап, биометрикалық деректерді өндеумен айналысатын «NEC» компаниясы Үшінші жаңғыруда айтылған цифрлық технологияның Қазақстандағы қолданыс аясын кеңейту мақсатында біздің елмен әріптестік орнатуға дайын.

Одан бөлек, Мұхтар Құл-Мұхаммед Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэмен, елдегі басты саяси күш саналатын билеуші Либералды-демократиялық партияның Бас хатшысы Тосихиро Никаймен, Жапония Парламентіндегі Қазақстанмен достық лигасының төрағасы Такео Кавамурамен кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді.

Осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын Алашорда үкіметін құрған қазақ зиялылары Жапония тәжірибесін жіті зерттеп, көп үйренген. Жас Мұхтар Әуезов «Япония» атты мақала жазып, 1919 жылы «Абай» журналына жариялаған. Алаштың ардақты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров та Жапония елінің даму тарихы туралы тамаша жазбасын қалдырған. Ендеше Алаш мұрасын жан-жақты зерттеген Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Күншығысқа қарап бой түзеуі қуанышты әрі құптарлық бастама.