Кунсткамера деп жүргеніміз – Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография музейі. Ғимараты Петерборда орналасқан. Жаһандағы ірі әрі ең көне этнографиялық музейлердің бірі. Мұнда әлем халықтарының ең сирек дүниелері сақталған.
Бүгінде музейдің коллекциялық қорында 1,2 миллион түрлі жәдігер бар. Қазіргі таңда музейде антропология, археология бөлімдерімен қатар, әлем халықтарының этнографияларына арналған ғылыми бөлімдер жұмыс істейді. Біз қарастырғалы отырған бассүйектер коллекциясы осындағы Антропология бөліміне тиесілі. Бұл бөлім негізінен байырғы және бүгінгі адамзаттың антропологиясы, антропогонез, этникалық антропология, краниометрия, краниоскопия, әлем және Ресей халықтарының шығу тегі секілді дүниелерді зерттеумен айналысады.
Букиничтен 7 бассүйек
Кунсткамераға әкелінген сүйектердің барлығы да негізінен антропологиялық ғылыми зерттеу мақсатында жиналды. Музейде сақталған бассүйектердің бірсыпырасын Дмитрий Букинич (1884-1939) өткізді. Белгілі археолог-ғалым. Этнограф-тәжіктанушы. Букинич 1920-1923 жылдары Торғай мелиорациялық экспедициясына жетекшілік етті. 1924 жылы Ауғанстан экспедициясына аттанды. 1926-1927 жылдары Н.Вавиловпен бірге тағы да Ауғанстанға барып, қазба байлықтарын барлап қайтты. Осы сапарынан Н.Вавилов екеуінің «Земледельческий Афганистан» деген кітабы жарық көрді.
1928-1929 жылдары Кунсткамераның В.Бартольд басқарған Ортаазиялық этнографиялық экспедициясының мүшесі болды. 1929-1932 жылдары Іле өзеніне ирригациялық зерттеу жүргізді. 1933-1935 жылдары Қарақорым (Моңғолия), 1936-1937 жылдары Термез (Өзбекстан) археологиялық экспедицияларына қатысты. Осы сапарларының бәрінен құнды коллекцияларды олжалап отырды. Олардың бәрі бүгінде Кунсткамерада сақтаулы. 1939 жылы өзіне қол жұмсап, өлді.
Букиничтің өмірдерегін неге келтірдік? Себебі, ол Кунсткамераға қазақтың да көптеген коллекцияларын өткізді.
1925 жылы Д.Букинич зерттеу жүргізу мақсатында Қазақ жеріне келді. Осы сапарынан Кунсткамераға бірнеше жәдігерді жинап барды. Олар музейде №3188 сериясы бойынша сақталған. Бұл коллекцияда қазақ әйелінің кимешектері, ағаштан жасалған көнек, шашақты оймақ, қобыз, ұршықтар, былғары торсық, жүннен жасалған доп және жез құман бар. Бұдан бөлек, 1926 жылы Қазақстаннан жинап Кунсткамераға өткізген бірнеше коллекциясын №5502 сериясымен топтастырыпты. Аталған сериялы жәдігерлермен танысып шықтық. Бәрі де Қостанай облысынан жөнелтіліпті. Арасында металдан жасалған тұмар, ағаш тарақ және ойыншық қуыршақтар бар.
Оған қоса, Букинич дәл осы жылы Қызылорда маңындағы зираттарды аршып, антропологиялық зерттеу жүргізді. Бұл дүниелер музейде №3381 сериясымен сақталған. 1936 жылы Байқоңыр маңындағы көне зираттарға зерттеу жасап, оларды №3382 сериясымен, ал Торғайдағы антропологиялық зерттеулерін №3383 сериясымен жинақтапты. Зерттей келе көз жеткізгеніміз, №3381 сериясы бойынша сақталған жәдігерлер негізінен бассүйектер болып шықты. Ұзын саны – 7 бассүйек. Соған қарағанда №3383 сериясымен сақталған коллекциялар да бассүйектер болуы керек. Олай дейтініміз, Кейкі батырдың бассүйегі дәл осы №3383 cериясы бойынша сақталып келді. Бұл жайлы жазушы Думан Рамазан: «…Антропология мұражайындағы алпыс мың бастың тiзiмiн қарап шықтық. Кейкi батырдың бас-сүйегiне байланысты құжаттарды тауып алдық. Атамыздың бас- сүйегiнiң нөмiрi 3383 екен: «3383. Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период. От Д.Букинича в дар в 1926 г. Документы: Записка Собирателя. 3/ХI-33» деп жазылған негiзгi құжатта» дейді. Кейкінің бассүйегі сақталған №3383 cерия қорында тағы қанша қазақтың бассүйегі барын бір құдай біледі! Бұл сериядағы коллекциялар Букиничтің Торғайдағы антропологиялық «зерттеулерінің жемісі» екені анық. Букинич негізінен көне зираттардағы бассүйектерге антропологиялық зерттеу жасаған деп түсіндіріп келді. Сонда олардың арасында Кейкінің басы қайдан жүр? Бассүйекті көрден қазып алды ма, әлде бұған дейін (батырдың басы 1923 жылы алынған, Букиничтің өткізген жылы – 1926, арасында 3 жыл бар) бір жерде сақталды ма? Белгісіз…
Гасфордтан 11 бассүйек
«Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болған Гасфордтың атынан да көптеген бассүйектер жiберiлген екен. Мәселен, бiр құжатта: «5281. Черепа казахов из погребений в Кокчетавском и Каркаралинском округах, доставленные в Анатомический музей АН по распоряжению генерал-губернатора Западной Сибири, генерала от инфантерии Гасфордта в 1859-61 гг. Дар. Документы: 1) Копия отношения и. д. военного губернатора области Сибирских киргизов от 27.IХ.1859 г. за №1787; 2) Копия отношения и. д. военного губернатора области Сибирских киргизов от 6.ХI. 1859 г. за №2041; 3) Выписка из статьи Бэра…» деген ақпарлар бар» дейді Думан Рамазан.
Гасфордтың да Кунсткамераға өткізген бассүйектерін індетіп көрдік. 1904 жылы Петербордан басылған Ю.Людевигтің «Список черепам краниологической коллекции Музея антропологии и этнографии имени императора Петра Великого при Императорской Академии наук» деген жинағы бар. Сонда Кунсткамерада сақталған бассүйектер туралы біраз мәлімет келтірілген. Жинақта Батыс Сібір генерал-губернаторы болған Г.Гасфордтың Кунсткамераға өткізген бассүйектерінің тізімі жарияланған. Көз жеткізгеніміздей, Гасфорд музейге бір емес, бірнеше қазақтың басын аттандырыпты. 169-тізімнен бастап, 179-тізімге дейінгі 11 бассүйектің егесін «киргиз» деп көрсеткен. Бұ қазақтың бір заманда «киргиз» атанғаны белгілі. Сонда 11 қазақтың бассүйегі кімге тиесілі болды екен? Арасында Кенесарының да бассүйегі болуы мүмкін бе? Бұлай дейтініміз, Кенесарының бассүйегін дәл осы Гасфорд сақтап келген болатын.
Бұған қатысты Думан Рамазан: «Бабамыздың басын алған қырғыз манаптары патша ағзамға жақсы көріну үшiн Батыс Сiбiрдiң генерал-губернаторы болған П.Горчаковқа апарып бередi. Ол 1851 жылы Горчаковтың орнына Батыс Сiбiр генерал-губернаторы болып тағайындалған Г.Гасфордтың қолына түседi. Ол Санкт-Петербургке, яғни, патша ағзамның құзырына жөнелтедi: «…Бунтарская голова Кенесары Касымова находится у меня под железным замком, переданная князем Горчаковым, направляю к Вашему величеству…» – дейдi Николай патшаға жазған қатынас қағазында Гасфорд мырза» деп жазады.
Гасфордтың Кенесарының басын сақтағаны рас па? Бассүйекті патшаға жолдағаны ше? Жолдаса, қазір қайда? Бұл сұрақтардың жауабын тарихшылар әлі күнге дейін таба алмай келеді.
Басқа да бассүйектер…
Кунсткамера жинақтарының бірі – 1955 жылы жазылған В.Гинзбург пен Н.Залкиндтің «Материалы краниологии казахов» еңбегінде де біраз маңызды мәлімет бар.
«Мұнда (Кунсткамерада) В.Гинзбург зерттеген 22 ересек адамның (қазақтың) бассүйегі бар:
1) №3381 сериялы 7 бассүйекті 1926 жылы Д.Букинич Қызылордадағы қазақ зиратынан жеткізген;
2) №4539 cериялы 2 бассүйек музейге 1860 жылы Зайсан көлінің маңынан әкелінген;
3) №5277 сериялы тағы 3 бассүйекті 1859 жылы Алатау округінің бастығы музейге жолдаған;
4) №5281 сериялы 10 бассүйекті 1859-1861 жылдары Көкшетау мен Қарқаралы округтарының молаларынан 1859-1861 жылдары жеткізген» деп жазады авторлар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Букиничтің 1926 жылы Кунсткамераға Қызылордадан 7 бассүйек өткізгенін В.Гинзбург пен Н.Залкинд те растап тұр. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысының мәліметі көрсетілмеген. Осындағы №5281 сериялы 10 бас жоғарыдағы Думан Рамазанның «Гасфорд өткізді» деген бассүйектері болуы мүмкін.
Авторлар әрі қарай «Бұл бассүйектердің тарихына қатысты ешқандай дерек жоқ. Букиничтің өткізген бастары өткен ғасырға тиесілі болса керек. Қалған сериялар, шамасы, XVIII ғасырдың соңында табылған бастар болуы ғажап емес» деген ой қорытады. Осы жерде тағы бір сауал сопаң етіп шыға келеді. Букиничтің 1926 жылы өткізгені Кейкі батырдың бассүйегі емес немесе мақала авторларының «Букиничтің өткізген бассүйектері өткен ғасырға тиесілі» деген мәліметі – қып-қызыл өтірік. Бұл кітап 1955 жылы жарыққа шыққанын ескерсек, авторлар өткен ғасыр деп ХІХ ғасырды айтып отыр. Ал Кейкінің қайтқан кезі – 1923 жыл. Тағы да сұрақ туындайды.
Кітапта әрі қарай Мәскеу Мемлекеттік университетінің Антропология институтында сақталған қазақтардың бассүйектері туралы да мәлімет келтіреді. Оларға Н.Залкинд зерттеу жүргізіпті.
«Ол бірқатар сериялы бассүйектерге зерттеу жүргізді.
1) 14 қазақтың бассүйегі А.Харузин мен В.Сапожников жеткізген краниологиялық материалдармен бірге өткен ғасырдың соңында Бөкей ордасынан жеткізілген;
2) 6 қазақтың бассүйегін Ор маңынан 1889 жылы П.Назаров әкелді;
3) 5 бассүйек 1884 жылы Алматы маңынан жолданды» делінген жазбада.
Осындағы Алматыдан жолданған бассүйектерді сол кездегі Жетісу (Семиреченск) облысының дәрігері Н.Зеланд жіберген екен. Ол бастарда «кара-киргизи» деген белгі болыпты. Соған қарағанда ол қырғыздардың басы болуы мүмкін. Бұл институттағы бассүйектердің қай кезге тән екенін ешкім білмейді. Тек XVIII-XIX ғасырлардағы бассүйектер болуы мүмкін деген болжам ғана бар.
1947 жылы В.Гинзбург Алматы медициналық институтының Анатомия кафедрасында 15 қазақтың бассүйегін зерттеу мүмкіндігіне ие болды. Айтпақшы, Сарайшық қорғанынан табылған 10 бассүйекті (бұлар музейде №6003 сериясымен сақталған) де осы В.Гинзбург зерттеді. Төртеуі – ер адамның, алтауы әйелдің бассүйегі екен. Бұларды 1952 жылы Әлкей Марғұлан әкелгені айтылады. Ол бассүйектер Жайық өзені жағалауындағы ескі зираттан алыныпты.
Б.Фирштейннің 1964 жылы жазылған «Краниологическая коллекция Музея антропологии и этнографии» еңбегінде Кунсткамераның Антропология бөлімінде 10 мың бассүйек (сол кезде) сақталғанын жазады. Соның ішіндегі 262 бассүйек қазақтарға тиесілі екенін көрсеткен. Жалпы, музейдегі қазаққа қатысты краниологиялық материалдар Қазақстанның әр аймағынан Қазақ КСР Ғылым академиясының ғалымдары – К.Ақышев (3 бассүйек, 1956 жыл, Қостанай облысынан, №6292 сериясы), М.Қадырбаев (7 бассүйек, 1957 жыл, Қарағанды, Павлодар облыстары, №6501 сериясы), Ә.Марғұлан (11 бассүйек, 1950 жыл, Атырау облысынан, №6003 сериясы), М.Грязнов (17 бассүйек, 1926 жыл, Ақтөбе облысынан, №6161 сериясы), бұдан бөлек О.Смағұлов (1960 жыл, Павлодар облысы, №6492 сериясы), М.Оразбаев (1960 жыл, Семей облысы, №6470 сериясы) секілді ғалымдар арқылы жеткізіліп, зерттелді.
Кунсткамерадағы қазаққа қатысты бассүйектердің ұзынырғасы осындай. Көпшілігі антропологиялық зерттеулер мақсатында жеткізілген. Сол күйі музей қорында қалып қойған. Ғылым үшін бұл қажет шығар. Алайда әуелден сүйекті қорлатпаған қазақ үшін аталарымыздың бассүйектері Ресейдегі музей қорында коллекция болып шаң басып жатқаны ғана жанды ауыртады екен.
Серікбол Хасан,
"Айқын" газеті