Алматыда дүние жүзіндегі түрлі кинофестивальдерде 50-ге жуық жүлдемен марапатталған «Күнбағыс» фильмінің тұсаукесері өтті. Кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Сталкер Синема» компаниясымен бірлесіп түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Күнбағыс» — «орта жас» дағдарысына ұшыраған отбасы туралы драмаға толы хикая.
Ішкі қайшылықтарымен әуре болған ата-ананың қарауынсыз қалған жасөспірім бала үйде де, мектепте де «буллингтің» барлық сұмдықтарын бастан кешіп, шеттетілген адамға айналады.
Пана іздеген Әмір құмар ойынға тәуелділікке әкелетін компьютер ойындары әлеміне енеді...
Мәдени шара барысында сөз сөйлеген фильмнің қоюшы режиссері Эля Гильман тұсаукесерге келген көрерменге алғысын айта отырып, картинаның кинофестивальдердегі жетістіктерімен бөлісіп, кинотуындының түсіру тобына жүлделерін табыстады.
Осылайша режиссер Istanbul Film Awards және Cannes Film Awards кинофестивальдерінде марапатталған «Үздік актер» жұлдесін фильмде басты рөлдердің бірін сомдаған актер Еркебұлан Дайыровқа табыстады.
Сондай-ақ басқа да жүлделерді фильмнің жас актері Рашид Мусин, сценарий авторы Расул Шыбынтай, оператор Алексей Кирюхин, қоюшы суретші Оксана Азаматова, продюсерлер Гүлсина Мустафина мен Александр Гильман алды.
Айта кетсек, жалпы алғанда осы күнге дейін «Күнбағыс» драмасы 27 халықаралық кинофестивальде түрлі номинациялар бойынша 47 сыйлықты қанжығасына байлады.
Фильмде басты рөлдерді сомдаған ресейлік актер Кирилл Кяро және сербиялық актриса Слобода Мичалович аталған іс-шараға қатыса алмағандықтан, бейне жазба арқылы әріптестерін тұсаукесермен құттықтап, сәттілік тіледі.
Көрсетілімнің алдында режиссер Эля Гильман бұл фильмді түсіруге достарының отбасында орын алған қайғылы жағдайдың түрткі болғанын айтты.
- Достарымыз ұлдарынан айырылып қалды. Бұл оқиға маған қатты әсер етіп, нәтижесінде осы фильм дүниеге келді. Бұл оқиға – менің барлық ата-аналарға жолдауым, мен сияқты өз балаларын тәрбиелеп отырған, бүкіл әлемдегі аналар мен әкелер мені түсінеді деп үміттенем. Жасөспірім болу, ережелер қысымына қарсы тұру қиын. Біз балаларымызға жақын болып, оларды жақсы көру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, - деді режиссер Эля Гильман.
Сондай-ақ режиссер «Күнбағыс» фильмі келер жылы сәуір айында прокатқа шығатынын хабарлады.