21 шіл, 2020 сағат 11:45

Күн сайын қаншама отбасы қара жамылып отырғанда эфирден ток-шоу көрсету дұрыс па?

Бас редакторлар клубы еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына үндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Үндеуді Бас редакторлар клубының жетекшісі Бибігүл Жексенбай Facebook парақшасында жариялады. 

«Еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдарына, телеарналар мен интернет басылымдарға, әлеуметтік желідегі жекеменшік сайт иелері мен блогерлерге үндеу жолдаймыз. Бүгінгі таңда бүкіл әлем емі табылмай отырған қауіпті індеттің таралуынан шеті мен шегі көрінбейтін, таудай толқындары долдана тулаған теңізде төрт құбыласынан тыныштық таптай теңселген кемедей күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Қара түнек қыспақтан құтылудың жалғыз жолы – сөнбеген үміттей болып алыстан жылтырап, басты бағытқа жол сілтейтін шамшырақтың жанып-өшкен әлсіз жарығы. Біздің қоғам да кеме секілді. Ал енді қоғамды қиындықтан алып шығар шамшырақ – ол ақпарат құралдары. ХХ ғасырдың басындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деуі де тегін емес еді. Дәл осы аксиоманың бүгінгі ақпарат дәуірінде құны артпаса, кемімесі анық. Өйткені, қиындыққа тап болған қоғамның дертінен арылып, денесін тіктеп, бағдарын айқындау үшін шынайы ақпараттың ауадай қажет екенін тарлан тарих талай дәлелдеген. Ал жалған ақпараттың қатері індеттен жаман екені де шындық» делінген үндеуде. 

Сондықтан Бас редакторлар клубы күн сайын қаншама отбасы қимасынан айырылып, қара жамылып отырғанда эфирлерден той тойлағандай тайраңдаған, би билегендей секеңдеген ток-шоуларды көрсету басқасын былай қойғанда, адамгершілік қағидаларымен қабыспайтынын айтады. 

«Оның орнына тақырыптық, танымдық дүниелерді халыққа ұсынсақ дұрыс болар еді деп ойлаймыз. Қай заманда болсын ақпарат құралдары мемлекеттік идеологияның басты саласы болып саналады. Сондықтан, бүкіл ел көз тігіп отырған эфирімізден халықтың көңіліндегіні дөп басатын, елдің жоғын жоқтайтын, ұлттық дәстүрлеріміз бен бүкіл адамзаттық құндылықтарды насихаттайтын хабарлар мен дүниелер көрсетілсе деген тілегіміз бар» делінген Бас редакторлар клубының үндеуінде.