Оны анықтау үшін әуелі білімнің мәніне үңіліп көрейік. Өкінішке қарай, біз мамандықты да білімге жатқызып жүрміз. Жатқызып жүргеніміз жоқ, жалпы білімді сол деп қабылдаймыз. Сондықтан мамандық алу үшін шетел асып кететіндерді де білім алып жүр деп ойлаймыз. Білген жөн. Ол – білім емес.
Мән берсек, білімді бізге жеті атасына дейін балағаттап жүретін СССР беретін. СССР-дің кәдімгі орта білімін аузын айға балап жүрген шетелдік жоғары оқу орындары да бере бермейтін. Алайда бұл ойды Нобель сыйлығын негізінен шетелдіктердің алуы жоққа шығарып келді. Бірақ біз олардың тек кәсіби тұрғыда ғана алға шыққанына жете мән бере қойған жоқпыз. Ал оны біз, жоғарыда да айтқанымыздай, білім санатына қоспадық.
Жарайды. Біз мұны ой жарысы үшін айттық делік. Бәрін білім деп-ақ қабылдайық. Ал, сонда адамзат не ұтты? Жалпы сіз өзіңіз қол жеткізген біліміңізден не ұттыңыз? Шетел асып келгендер не ұтып жатыр? Біз алып жатқан білімдер қандай мақсатқа негізделген? Сол иелік еткен білім негізінде құрылатын алдыңғы қатарлы озық мемлекет (біз оны құрылады деп сенейік) қандай деңгейде болады? Сол – адамзат арманының көкжиегі ме?
Біз бұл сауалдарды талдамай-ақ қоялық. Өзіңіз де аңғарғаныңыздай ол «білімнің» ешқайсысы Аллатануға қызмет етпейді. Тіпті оны тануды қажет деп те санамайды. Біз мұны жай білім иесін анықтау үшін айтып отырмыз. Ал енді сіз осындай қоғамдағы діни оқу орындары, оның аттарын айтып мені қорқытпай-ақ қойыңыз, Аллатануға қызмет етеді деп ойлайсыз ба? Әлемдік деңгейде билік жүргізіп отырған алпауыт жүйе соған шынымен жол бере ме? Білген жөн. Олар Алланы өздері құрған қоғамға үйлесетіндей негізде танытады. Сондықтан ол оқу орындарын түгескен мамандар да әлгі қоғамға қызмет етеді. Әу бастан солай. Ал, Алланы шын мәнінде тани алғандар ұдайы қудадалынып отырады. Біз білім иесі деп сол қудаланып жүрген адамды айтамыз.
Ұғынықтылық үшін бір ауыз сөз қосайық. Тіл – қатынас құралы. Бұл – бөгде тілге қатысты қабылдануы тиіс анықтама еді. Шынтуайтына келгенде ана тілі – ұлттық болмыс. Сондықтан бөгде тілде тілі шыққан бала тек сол ұлттың перзенті болады. Мұны сөз орайына қарай айттық. Айтпағымыз, өзге жүз тілді меңгерсең де ол тек қатынас құралы қызметін атқарады. Ал біз оны білім деп есептейміз. Мәселені осылай сараласақ, онда сол тілді жетік білетін халықтың бәрін данышпан ой түюге болады. Біз мұны пәленше түгеншелерді араб тілін білгендігі үшін білім иесі көретіндерге қарата айтып отырмыз. Сондай-ақ құран жаттаған қари да білім иесі бола алмайды. Рас, ол игерген нәрселер білім иесіне қызмет етеді. Міне, осы жерде білім иесін тану ақиқаттың айқындалуына жол ашады. Себебі, үйренген тіл мен жаттаған Құран Ібіліске де қызмет атқара береді. Біз оның атын сыпайылап «Адамзат армандаған қоғам» деп қойдық. Біздің ол қоғамнан гөрі аңғал-сағал қазақы ауылды ағсай беретініміз сондықтан. Оның үстіне ол ауылда дәстүрлі дін бар еді. «Ишан» деген атқа ие білім иелері әр ауыл сайын төрде отыратын. Өкінішке қарай, біз олардың орнын кәсіби мамандармен алмастыруға күш салып келеміз. Бұл – қоғамның қалауы. Ал халықтың қалауы – дәстүрлі дін. Осы екі қалау үйлескенде қордаланған діни мәселелер де өз шешімін табады.
Құдияр БІЛӘЛ