28 қыр, 2017 сағат 15:06

Құдайды тану - ұлы ілім

Аса қамқор Алланың атымен басталсын.

Адам тойғанда, қарны тоқ кезде азғындыққа жиі барады. Тегінде бір отқа да, суыққа да шыдаса да, аштыққа шыдай алмаған нәпсі жайында әңгіме бар еді. Сол әңгіменің жаны бар.

Адам болып жаратылған күннен бастап, Адам ата мен Хау анадан тараған адам ұрпағы ғасырлар ауысқан сайын түрлі азғындыққа барып, түрлі хайуандықпен бетпе-бет келіп отыр. О баста пұтқа табынып, ислам келген кезде оны мойындамау, көрінбейтін, сөйлемейтін Құдайды дәріптеу ақымақтық саналды. Одан қала берді жер жаһанға діни көзқарас пайда болып, әр елдің өз түсінігі мен сенімі пайда бола бастаған тұста, азғындықтың бір пердесі ашылды. Ол дін ішінен дін шығарушылар. Бірақ қандай қиындық көрсе де жеңілмей келе жатқан хақ діннің ерекшелігі тазалығында, адамгершілікті ту етіп ұстауында, жақсылық жасап, жамандыққа қарсы келуінде, Құдайды танып, оған бас ұра отырып бес уақыт намазын қаза қылмауында.

Дін – ең ұлы кеңістіктегі ең ұлы ғажайыпқа бағынып күн кешу. Адамның жан дүниесінің арпалысы. Ол арпалыс өзіңмен өзің алысу. Жер бетіндегі ең ұлы соғыс – нәпсімен күрес. Оны жеңіп шықсаңыз, әулие боласыз, жеңілсеңіз сізд үкіміңізді Алла өзі шығарады. Себебі «мынау тозақтық», «мынау жұмақтық» деп айту адамға берілген құқық емес. Ол тек бір құдіретке тән қасиет. Ал біз тек амал жасаймыз. Амалымызға жауап береміз.

Өзің сүйіп, өзің хақ деп таныған дін жолында жанкештілікпен өмір сүру керемет қасиет. Бірақ жанкештілік деген сөз жиһад жасау, жақсылыққа жамандықпен жауап беру деген сөз емес. Қайта Абай айтқандай «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ой сәулесімен аяқталуы керек. Адасуға бармастан бұрын, исламның қандай пәк, қандай сұлу, қандай ұлы дін екенін сезініңіз. Оны кітаптан, оны біреудің аузынан, оны біреудің айтағымен танымаңыз. Жүрекпен, іштей сезіңіз. Бұл міне діни парасаттылықтың шыңы. Дінге заттай баға бермеңіз. Ол пайдаланып қайта тастай салатын мүлік емес, ол қару емес, ол адамның ләззаты. Ол адамның тыныштық табатын ішкі мекені. Ондай мекен жер бетінде жоқ.

Сіз сүйіктіңізді сүйген сәтте, оны іздегенде, оны сағынғанда қандай күйде боласыз? Әрине сөзбен өлшеуге келмейтін кеңістікте ұшып жүргендейсіз. Ал Құдайға деген ше? Оны сөзбен суреттеу ғана емес, оны ойлаудың өзі мүмкін емес. Себебі оның мейірімі, оның ұлылығы, оның құдіреттілігі сонда, жүректің ішіне қылдай ғана жіп секілді сәуле өткізіп, сіздің бүкіл алпыс екі тамырыңыз бен он екі мүшеңізге ізгілік дәрісін дарытады. Ал оны сіз сезінбейсіз. Себебі оны көрмейсіз, естімейсіз.

Адамзаттың қарны ашты. Тоқ күйден жоқ күйге ауысты. Себебі азғындық ауылы алыста деп жүрген кезде, іргеден тап берді. Ендігі күрес, ендігі ерліктер Құдайды тануға, оны сүюге бағытталады. Басқа амал жоқ. Тығырыққа тірелген тірліктің басында адамның өз қолымен жасаған қателігі тұр, соңында құдай көрсеткен жол тұр. Біз тек сол жолға оңай жете алмай жүрміз. Басты мәселе менмендік пен адамның өзімшілдігі. Біз бәрін өзіміз жасадық деп таныдық. Құдайды ұмыттық. Ал бәрінің есебі барын, бәрінің өлшемі барын, бәрінің қалай басталып, қалай аяқталарын Құдай көріп тұрғанын аңдымай қалдық.

Діннен күрделі бір ғылым жасаудың, дінді оқуға келмейтін, түсінуге келмейтін үлкен құбылыс деп қараудың қажеті жоқ. Дін мен өмір бір. Екеуі егіз. Тек құдай өмірді берген кезде оның ішіне жын мен ібілісті кіргізіп жіберсе, дін сол өмірге енген қос жамандықтың алдынан қасқайып шығатын батыр. Сіз сол батырды оята біліңіз.

Ислам діні – біз айтып отырған батырлар ішіндегі ең тазасы. Бес уақыт намаз оқу, дәрет алу, зекет беру, қажылыққа бару бәрі амалдың әрекеті. Ал адам болып қалыптасып, тоққан қарынның қанағатын сезіну, тас атқанға ас ату бұл нағыз діннің жолы.

Тойып секіріп, тоңып секіргенге күле қарадық. Ал «кім ең соңғы күлсе сол шынайы күледі» дейді. Ендеше Құдай кімнің соңғы күлетінін біледі. Бұғанасы қатпаған буынның санасында мына нәрсе болу керек:

Дін – ең жұқа, ең нәзік, ең сұлу, ең тәтті, ең керемет адамның жан дүниесінде жатқан мекен. Ол жерде қатыгездік, ол жерде жамандық, ол жерде азғындық атымен жоқ.

Құдай – ең мейірімді, көзге көрінбей, дауысы естілмей әрбір құлдың жүрегінен табылатын Ұлылық.

Сіз – жүрек ішінде жатқан хақты танып, оның жолында жүруге міндетті, досқа-бауыр, әкеге-мұра, шешеге-қамқор, адамзатқа-адам ретінде жауап беруші, адамгершілік пен сүйіспеншілікті, махаббатты аңсап, бойға сіңіріп, ғұмыр соңына дейін құлшылық етіп өтуші құлсыз.

Ең ұлы жолда ең асқақ адам болып өмір сүрудің үш-ақ жолы бар: Құдайды тану, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) көркем мінезін сүю және сенім.

Қарным ашқан сайын Құдайды еске аламын. Тойсам ұмытып кетемін. Осы күнәмді көре тұрып, «кешір, Алла» деген мінәжатым үшін күнәмді кешіруге бар, Құдіреттің алдында ешкім емес едім. Кешірімді болыңыздыр, адамзат! Құдай кешіргенді, адам кешірмейтіндей ұлы билікке біз қол жеткізе алмаймыз.

Әлемді жаратқан ең мейірімді Жаратушы. Әлемді жоқ қылып жіберетін де ең қаһарлы Жаратушы.

Ұмытпаңыз! Еске алыңыз!  Құлшылық қылыңыз! Аңсаңыз! Сүйіңіз! «Құдайдың өзі де рас, сөзі де рас ...». Абайдан асып айта алман.

Марғұлан Ақан