13 там, 2021 сағат 13:55

Қуат Ахметовке Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды



Ресейдің ішкі істер министрлігі бейнероликтерінде ұлтаралық алауыздық тудырғаны үшін Қазақстан азаматы Қуат Ахметовке Ресей Федерациясының аумағына кіруге 50 жылға тыйым салды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ Әзербайжан азаматы Исфандияр Вагабзадеге қатысты осы тектес шара қолданылды.

"Интернет желісінде ұлтаралық алауыздық тудыратын пікір білдірген Қазақстан Республикасының азаматы Қуат Ахметов пен Әзербайжан Республикасының азаматы Исфандияр Вагабзадеге 50 жыл бойы Ресей Федерациясының аумағына кіруге шектеу қою туралы шешім қабылданды", - деп жазылған РФ ІІМ хабарламасында.

Еске салсақ, "Til Maydani" YouTube-арнасының негізін қалаушы Қуат Ахметов дүкен және қоғамдық тамақтану орын қызметкерлерінің өзіне және өзгелерге мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмағанынан туындаған жанжал түсірілген бейнежазбалар топтамасын жариялады. Видеода автор сол адамдарға қатысты "фашистер", "келімсектер" және басқа да сөздер қолданған.

Қазақстан Президентінің Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев арна авторының бұл әрекетін сынға алып, құқық қорғау органдары оған тиісті баға беретініне сенім білдірді.

Сонымен қатар жақында ғана әлеуметтік желіде өзін Әзербайжанның Беларусь, Молдавия және Пәкістандағы елшісі Исфандияр Вагабзаде ретінде таныстырған азаматтың Жириновский мен орыс ұлтын балағаттаған және "шошқа", "есек" сынды сөздерді қолданған видеоролигі тарады.

Бұдан бөлек Бішкектегі "Технопарк" сауда ойын-сауық орталығында орыс тілінде сөйлеген бойжеткенге тап берген Қырғызстан азаматына қатысты осы тектес шара қолданылды.