27 ақп, 2017 сағат 17:11

Қуандық Бишімбаевты қамауда ұстау мерзімі ұзартылды

Сыбайлас жемқорлық бойынша айыпталып отырған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бишімбаевқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы 10 сәуірге дейін ұзартылды»,-деп атап өтілген астаналық сот мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы хабарлағандай, ол бір топ адаммен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталуда.

Бишімбаев Қызылорда қаласында табақ шыны шығаратын және өңдейтін зауыт салу кезінде «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы 1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырған деген күдікке ілінді. Осы орайда ол аталған соманың 2 млн АҚШ долларын өзіне алғандығы тексерілуде.

Биылғы 10 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы бұрынғы ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты ұстағандығы хабарланған болатын.

Үш күннен кейін экс-министр екі айға тұтқындалғандығы туралы ақпарат тарады.