14 қаз, 2019 сағат 11:23

Крюгер «күйігі» немесе «Рахымжанның көз жасы»

Мен бұл шағын жазбамды қазақтың қара сөзін қамырша илеп, ділгір ойын қойдай жусатқан Рахымжан Отарбаевтың жазушылығы жайында емес, ол кісіні көзі тірісінде пұшайман қылған патерналистік санамыз хақында аз-кем әңгіме өрбітсем деймін. Естеріңізде болса, осыдан үш жыл бұрын жазушының «Шыңғыс ханның көз жасы» атты кітабы өртеліп, ол әлеуметтік желінің қызу тақырыбына айналған болатын. Бұл бейбастақтыққа: «Дүние шулап кетті. Аузын ашса көмейінен от жарқылдап жатқандар аз емес. Бәрін қылға тізіп қайтейін. Күлдім, шамдандым. Сосын жауап берейін деп ойладым. ...Аты-жөні жоқ біреулер кітабымды өртеп жатыр. Өртемек тұрмақ елден шығарып жіберсін. Пікірімнен қайту жоқ.

Көзіміз тар екен. Көңіліміз мешеу екен. Әулиедей Әбіш ағаның (Кекілбаев) тірлігіндегі бір осалдығын кешіре алмай тап осылай шулап ек. Аға құсадан қаза болған.  Әй, ел емес екенбіз ғой» деп  жауап қатқан еді жарықтықтың өзі...

Бұрнағы орыс жазушыларының арасында айтылған мынадай бір ескі сөз хатқа түсіп қалған екен. Бірде ақ патшаның шарапатына ие болып, онысын өз жолдастарымен атап отырған орыстың ортақол жазушысы: «Мінекей, аққа құдай жақ деген. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Мұнымызды асыл текті ақ патшамыздың өзі де біліп, бағалап отыр», – деп мейманасы тасып тілек айтса керек. Арғы жағы айтпасақ та белгілі ғой, ду шапалақ пен ыстық лебіздерге көміліпті. Әңгіменің әбден қызған мезеті екен дейді. Сонда осы мәжілістің ортасында отырған естиярлау біреуі: «Мұның бәрі әлгі Достоевский мен Чехов шалдың арқасы емес пе», – депті төбеден ұрғандай теріс сөйлеп. – Ең әуелі сен ақ патшаға емес, анау екі данышпанға басыңды иіп алғыс айтуға тиіссің», – дейді тілегін тәмамдап жатып.

Сонда осынау сөзге шамырқанып, тамыры білеуленіп, көзі шатынап кеткен әлгі марапат иесі: «Бұл сенің қай мазағың, әлде өзіңнің ішкі бақастығың ба? Ол екеуінің бұл жерде нендей қатысы бар?» деп қалшылдап кеткенде: «Жазған-ау, бір сәтке түсінсең нетті, орыс қоғамы сол екеуін мұқату үшін сіз бен бізді әдейі көтермелеп, омырауымызға сөлкебай тағып отырған жоқ па», – деп жауап қатқан екен. Қазір өткен шақ жәдігеріне айналған бұл мысал өзіміздің де көп өмірімізге ұқсас. Әсіресе, талантты адамдардың өміріне қатысты десек, қателесе қоймаспыз (Төбедегі  жағымсыз жайлар, сосын...  жақсының  жанына жарақат салу оқиғалары осы мысалдың бұлтартпас дәлелі ғой). Асылдың басын қорлап, сүйегін жасыту немесе екі алыптың арасына әдейі ала мысық жүгіртіп, содан лап еткен отқа алақан жылту қашанда қортықтардың ісі. Бұл бәкене бойлы «шибөрілердің» үнемі айналысып отыратын кәсібі десек те болады. Ең қызығы, бұл феномен ғылымда «Даннинг-Крюгер» эффектісі деп аталады екен. Енді аталған эффектінің қалай ғана өмірге келгені хақында бірер сөз сабақтай кетейік.

1995 жылдың жадыраған жазы екен дейді. Бір адам тапа-талтүсте Питтсбургтің екі банкін астын үстіне шығарып тонап кеткен. Ең қызығы, әлгі қылмыскердің бетінде ешқандай да жүзін жасырған бетперде болмаған екен. Тіпті ол сабазың осы жалаңаш жүзімен банктің бейнебақылау камераларына қарап «ал маған не істейсіңдер» дегендей жымиып күлген көрінеді.  Әрине, қылмыскер көп ұзамай қолға түседі. Әу басында банкті тонаған мен емеспін деп тайдай тулаған ол таспаға жазылған өз бейнесін көрсеткенде сылқ етіп отыра кетеді. Содан ол қатты таңырқап: «О, құдірет менің бетіме жаққан шырын сөлі болған еді ғой», – дейді басын шайқап. Осы жайтты тектей келе полицейлер әлгі тонаушының «лимон сөлін бетіне жаққан адамның жүзін бейнебақылау түсіре алмайды» деп ойлаған ойына айран-асыр болады. Аталған пікірді полицей қызметкерлері бұл адамның есі ауысқан я есірткіні шамадан тыс тұтынғаннан болып қияс сөйлеп отыр деген тұжырымға келген. Осы оқиғаны телеарнадағы жаңалықтан көрген Корнелл университетінің профессоры Дэвид Даннинг, өзінің аспиранты Джастин Крюгермен бірлесіп, бұл мәселені тереңірек зерттеуге кіріседі. Ғалымдар мұның сыры тіптен басқалай деген байламға бекиді. Сөйтіп олар студенттер мен сан түрлі мамандар арасында жүздеген әлеуметтік сауалнамалар мен сынақтар жүргізеді. Ең қызығы, сынақ барысында өте нашар нәтиже көрсеткен адамдар өз нәтижелерін тым жоғары деп санаса, керісінше, сауалнамаға дұрыс жауап бергендер өздерін төмен деп бағалайды екен. Сайып келгенде осы жүргізілген сынақтардың негізгі қортындысы мынадай байламға әкелген.

Көбіне өз ісін өте жақсы білетіндерге қарағанда, білмейтіндер өзінің қарым-қабілеттерін өте жоғары бағалауға бейім екендігіне көз жеткізеді.  Ғалымдар мұны адамның қабілетсіздігінен емес, керісінше өзінің кім екендігін ұдайы қаперіне салып отыратын ішкі өлшемнің мүлде жұмыс жасамай қалатындығымен түсіндіреді. Әлгі банк тонаушының ессіз әрекетінің негізгі себебі де осы. Ол адам еш ауру да, есірткіге тәуелді де емес. Оның «саудың тамағын ішіп, аурудың сөзін сөйлеп» отырғандағы басты мәселесі - өзінің кім екендігін бағамдайтын ішкі пайымнан түбегейлі айырылып қалғандығында дейді Даннинг пен Крюгер.

Сөйтіп, білместің «білемін» деген сенімділік иллюзиясы екі ғалымның есімі телінген «Даннинг-Крюгер эффектісі» деген атпен ғылыми айналымға түскен.

Егер де осы білместің «білемін» қағидасымен қарар болсақ, дәл қазіргі Қазақстан ешкімге бас бәйгені бергелі отырған жоқ. Бәлкім, осы ішкі таразысының жоқтығы Чарльз Дарвин айтатын «Надандықтың ең басты қасіреті адамға білімнен гөрі сенімділікті жиі туғызады» пайымында жатыр ма екен?!  Көрдіңіз бе, мұндай рухани мүгедек адамдардың бар арманы - жоқ  жерден шу шығару. Бейне бір «атың шықпаса, жер өртенің» лепесі ғой. Сөйтіп елдің назарында болу. Естеріңізде болса, жазушы отқа оранған осы кітабында  Шыңғыс хан болып бүй деп сөйледі.  

«Алтын тақтың төрт бұтының астында әманда аярлық пен іштарлық, жағымпаздық пен жәреукелік, қызғаныш пен қылмыс жатады. Сатқындықты көп көрдім. Жаттан да, жақыннан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман»(162-бет), - дейді.  Әрине, бұдан асырып не айтуға болады.

Бүгінде осы тыраштанушылар (абзалы популистер) әлемнің ең негізгі бас ауруына айналып отыр.

Оксфорд университетінің профессоры Paul Collier (Пол Коллиер) «Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарысқа прагматикалық тұрғыдан шешім ұсынуға ең басты кедергі келтіріп тұрған нәрсе де ол – популизм» дейді. Рас, танымалдықтан гөрі танымгерліктің жолы әманда ауыр ғой. Адам қазіргі жетілген технологияның күшімен бар болғаны бес-ақ минут ішінде «мәшһүр» болып кетуге болады (Әрине, арсыздық пен арзандаудың жолына түссе). Түптің-түбі әлемнің түбіне осы тыраштанушылар (популистер) жететін де шығар. Мойындауға мәжбүрміз, бұлар күллі дүниеге күбірткіше ендеп барады.  ЕСЕСІНЕ ОЛАРДЫҢ ОСЫ БІР ОСПАДАР ҚЫЛЫҚТАРЫ НЕБІР ТАЛАНТТЫ ЖАНДАРДЫҢ МИЫНА ҚАН ҚҰЙЫП ЖІБЕРІП ТЕ ЖАТЫР.  Егер де  «Адамзат тарихы  тұлғаның ғана тарихы» десек, талантты адам үшін өмір мен өнер (тек) карьера емес, ол бар болғаны миссия ғана. Сондықтан да мұндай жандардың арман-мұраты мен  аңсары шын өнердің ғана қамында болады. Адам жағалау мен арам қулық іспетті жағымсыз қылықтар талантты жандар үшін атымен жат. Сондай-ақ олардың ішкі таразысы Сократтың «Менің білетінім - ештеңе білмейтінім» тезисін ұдайы қаперіне салып отырса, ал енді тыраштанушылар (популистер) үшін мұнымыз мүлде керісінше.

Білесіз бе, шын өнерпаз үшін өзінен әлде қайда төмен біреудің оған мораль соғып, ақыл айтуынан өзге қиямет жоқ. Бұл жаныңды майсыз табаға шыжғырғанмен бірдей (Бұған жан-тәніңмен жазған дүниеңді еш оқымайтын үлкен әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмаған әлдебір әулекілер мен шенеуініктерден тұратын қазылар алқасының құрамын қосыңыз). Бағылан басыңның басқаға шыдамы жетсе де, дәл осыбір «тозаққа» төзіп тұрмағың тіптен мүмкін емес (Біздің манағы «таланттар миына қан құйып» ойнаудың сан түрлі айла-шарғылары мен бопсаларының бірі де осы).  

Әлеументанушылардың айтуынша, өнері мен өресі бірдей, бірақ біреуіне ғана Нобель сыйлығы бұйырған адамның әлгі ала алмай қалған жанмен салыстырғанда, 10-15 жылға артық жасайтынын айтады. Осыдан-ақ позитивті көңіл-күйдің адам өміріне қаншалықты әсер ететіндігін бағамдай білсек болады (Басқаны қайдам, осы өлшем тезімен қарасақ, менің Рахымжан ағам әлі де ортамызда қасқайып жүруге тиісті адам еді).

Жапон халқының «Жалғыз ауыз жылы сөз қыстың үш айын да жылы етеді»  деген мақалы бар. Біздің ойымызша дүниедегі ең суық нәрсе ол – аяз да, ақтүтек боран да емес,  дүниедегі ең суық нәрсе адамның ниеті мен  көзқарасы.

Бұл жерде таланттарға тиесілі «жалғыз-ақ ауыз жылы сөз» жайында ештеңе демей-ақ  қоялық (Жалпы біздердің біреуді мұңайту мен пұшайман ету ең негізгі ләззат алатын индексімізге айналғаны қашан). Өмірде мерез бен мейірімсіз деген сөздердің бар екендігі рас болса, онда оның  шын бейнесі (портреті де) болуы керек қой. Әлде мұның сыры Рақымжан Отарбаевтың «Ұрпағым, мен кедейді бай қылдым, қорқаққа қылыш ұстаттым, сараңды сахи еттім, өлмешіге өмір бердім. Бірақ туа бітті топас болып жаратылған адамға ақыл кіргізе алмадым. Топас жаннан және сақтаныңдар» (163-б), - деп Шыңғыс қаған боп сөйлеген өз сөзінде жатыр ма екен.

...Тым тәубәшіл халықпыз ғой. Таланты жандарды жоғалтып алып «бұл енді тағдыр ғой» дейміз біртүрлі күңірене сөйлеп.

Осы бір «тағдыр» сөзіне діни догматизммен емес, таза әлеуметтік реалды көзбен қарасақ, көбіміздің көтіміз ашылар еді. Неге дейсіз-ау...

Себебі бұл уақыт - «ұялмаған әнші ғана емес», не болғысы келсе сол бола алатындығын көрсетіп отырған нағыз популистің заманы ғой...

                                                                                       Ықылас Ожайұлы