23 қаз, 2020 сағат 15:12

ҚР Жоғарғы соты күдіктіні қылмыскер ретінде көрсетпеуді сұрады

Құқық қорғау органдары ұсталған адамды бірден қылмыскер етіп көрсетеді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Айдос Сәдуақасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Белгілі бір шенеунікті не адамды ұстаған кезде іс сотқа келмей тұрып, құқық қорғау органдарымыз брифинг өткізіп, күдіктіні халыққа бірден қылмыскер секілді көрсетеді. Алайда, сот процесі барысында ол адамның ешқандай қылмыс жасамағаны анықталады. Сол кезде қоғам «ол адамды неге босатып жіберді?« деп шу көтереді. Егер оның қылмысы дәлелденбесе, қалай соттаймыз? Міне, осындай фактілерді алдағы уақытта құқық қорғау органдары бірден жария қылмауы керек. Адамға қылмыскер, жемқор айыбын тақпас бұрын ақ-қарасын ажыратып, дәлелдері болған кезде ғана прокуратураның рұқсатымен жариялау тиіс», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, ҚР Президенті жанынан сот-құқық реформалары жөнінде 2 комиссия құрылған. 

«Осы комиссияның жұмыс тобы қандай шаралар қабылдау керектігін әзірлейді. Дайын болғанда сіздерге қосымша жариялаймыз», - деді Айдос Сәдуақасов.