06 мау, 2017 сағат 11:25

ҚР СІМ Жауапты хатшысы: Балаларым шетелде қазақ екенін ұмыта бастады

Қазақстан дипломаттары шетелде бес жылдан артық жұмыс істемейді. Бұл туралы Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елшілердің шетелде болу мерзімін 5 жылдан арттырмау мәселесі өзекті болып отыр, себебі қазіргі кезде 20 жылдан астам уақыт бойы елге оралмаған елшілер, дипломаттар бар. Олар  елден қарым-қатынасын үзген деп айтуға болмайды, дегенмен де соны нашарлатқан, елдегі жағдайды терең түсінбейді. Оларды бес жыл көлемінде елге қайтарып, әртүрлі деңгейде жұмыс беріп, содан кейін қайтадан дипломатиялық саладағы қызметке бағыттау туралы ұсыныстар болып жатыр. Сондықтан бұл заң жобасы жалпы дипломатиялық жұмыстың дәрежесін, оның тиімділігін арттыруға үлкен әсерін береді деген ойдамыз», - деді Икрам Адырбеков «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшы Анарбек Қарашев дипломаттар елге тиісті мерзімде елге қайтып оралғаны дұрыс екенін атап өтті.

«Балалар қазақ екенін білмей кетеді. Мен 12 жыл болған жоқпын. Балаларымда туған елі туралы дұрыс танымы болмады. Елге келіп, үш жылдан кейін балалар қазақ екендерін сезіп отыр, яғни осында мектепке барып, қазақша сөйлеп, қай мемлекеттің баласы екенін түсіне бастады. Сондықтан дипломаттар үздіксіз шетелде қызмет ете берсе, олардың балалары Қазақстан жайында тек БАҚ арқылы ғана біліп жүреді»,-деп атап өтті А. Қарашев.