30 қыр, 2020 сағат 15:24

ҚР Сенатының Төрағасы Ватикан өкілімен дінаралық диалог мәселесін талқылады

Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Ватиканның Қазақстандағы Апостол нунциі Фрэнсис Ассизи Чулликатпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Сенаттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесу барысында елімізде дінаралық диалогты дамыту және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды.

«Мәулен Әшімбаев биыл Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 28 жыл толғанын атап өтті. Сондай-ақ, Сенат Төрағасы осы уақыт аралығында екі мемлекет түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделген сындарлы өзара іс-қимыл қалыптастырғанына назар аударды», - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы біздің қоғамда толеранттылықты және түрлі дін мен этнос өкілдеріне құрметпен қарауды дәріптеп жүрген Қазақстандағы католик шіркеуінің жұмысына тоқталды.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев пен Фрэнсис Ассизи Чулликат Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының жұмысы аясында сындарлы өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға ниетті екендерін жеткізді.