АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық текетірес кедейшілікті өршітіп, жұмыссыздықтың артуына себеп болады. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Астана клубының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлемдегі қарама-қайшылықтардың күшеюі ғаламдық қауіпсіздікті дамыту институттарының тиімділігінде сұрақ тудырады. Бүгінгі күннің маңызды тренді - екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі стратегиялық тұрақтылықтың негіздерін бұзу. Әлемдік державалар қарулануға көшуі мүмкін. Менің ойымша, адамзат балаларының болашағы мен қазіргі кезеңге алаңдап отыр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, қазір әлемде экономикалық қарама-қайшылықтар көпшілік ашық түрде «сауда соғыстары» деп атап кеткен фазаға дейін ушықты.
«Солардың бірі АҚШ пен Қытай арасында орын алып отыр. Оларға бүкіл экономиканың үштен бірі, ғаламдық экспорттың 20 пайызы және тікелей инвестициялардың үштен бірінен астамы тиесілі. Бұл жалпы әлем экономикасы өсімінің төмендеуіне әкеледі. Осының салдарынан әсіресе дамушы елдерде жағдай нашарлайды. Кедейлік тереңдеп, жұмыссыздық көбейе береді. Бұның барлығы терроризм, көші-қон мен сепаратизмнің дамуына ұтымды жағдай жасайды. Ауғанстанда да солай басталған. Соңғы кезде бізде бар есірткі қылмыстары, терроризм мен экстремизм - сол елде (Ауғанстан-авт.) 1979 жылдан бері болып жатқан соғыстың нәтижесі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Елбасы жиын барысында Үлкен Еуразияның сұлбасы қалыптасып келе жатқанын айтып, Ресей, АҚШ және Қытай арасындағы геосаяси бәсекелестікке алаңдаушылық танытты.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік державалар қарулану жарысына қайта оралуы мүмкін екендігін ескертті.