08 ақп, 2021 сағат 08:43

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Денсаулық марафонын» бастады

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Денсаулық марафонын» бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Демалыс күндері жаңадан жүгіріп бастаған әуесқой спортшыларды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, Спорт және дене шынықтыру істері Комитеті төрағасы Серік Сәпиев, белгілі спортшы Сергей Цырульников қолдауға келді. Әуесқойлар 7 шақырымдық қашықтықты бағындырып, жалпы дене шынықтыру мен жүгіруге арналған жаттығуларды жасады. Олардың бастамасын 25 шақырымдық қашықтықпен өздерінің апта сайын өткізетін #DieHardRunning марафонымен кәсіби марафоншылар қолдады. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековтің айтуынша мұндай жаттығуларды дәстүрлі әрі бұқаралық сипатта өткізіп тұру қажет. 

«Бүгінгі таңда елімізде дене шынықтыру және спортпен халықтың 30 пайызға жуығы айналысады, 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 45 пайызға дейін жеткізу көзделген. Әрине мақсатымыз мықты, бірақ бұл межеге де жетуге болады. Министрлік әрқашан бұқаралық спорт пен балалар-жасөспірімдер спортын қолдауға дайын. Тың идеялар қашанда біздің қолдауды табады. Біз бүгінгі акцияға еліміздің барлық өңірлерін қатысуңа шақырамыз. Бұқаралық спортты бірге дамытайық!» - деді Сәкен Мұсайбеков. 

Айта кетейік, спортпен жаңадан айналыса бастаған әуесқойларға жаттығулар апта сайын жексенбі күні «Спорт, денсаулық, экология» қоғамдық бірлестігі жаттықтырушыларының қолдауымен тегін негізде өтеді. Ауа-райы жылыған кезде веложаттығулар сенбі күні тегін ұйымдастырылады. 

Қоғамдық бірлестік төрағасы Теміржан Әбдрахманов министрлік қолдауының арқасында аптаның жұмыс күндері осындай жаттығуларды тегін негізде өткізуді жоспарлап отырғандықтарын айтты. Сонымен қатар, өздерінің жұмысын еліміздің барлық аймаңында жалғастыруды көздейтіндіктерін жеткізді. Марафон жөніндегі толығырақ ақпараты @tranzitka_veloservice_trishop және @ilovesportkz инстаграм парақшаларынан білуге болады.