27 мам, 2021 сағат 13:17

Көз астындағы терінің көгеруі қандай аурудың белгісі?



Көз астындағы терінің көгеруі немесе қарауытуы денсаулықта кінәрат пайда болғанын білдіруі мүмкін, деп санайды ресейлік иммунолог дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Ксения Бочарова.


Ол "Бесінші арнаға" берген сұхбатында мұнда гәп гипоксияда, яғни түрлі сипаттағы тіндерге оттегі жетіспеушілігінде болуы ықтимал екенін айтты. Көп жағдайда бұл өмірлік маңызы бар микроэлементтердің тапшылығымен байланысты болады, деп жазады Sputnik.


"Бұл адамның бауыры немесе бүйрегі ауыратынын білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда тез арада терапевт дәрігерге қаралып, көз астының көгеруіне не себеп болғанын анықтау керек", - дейді Бочарова.


Сонымен қатар ол көз айналасындағы тері өте жұқа екенін және ол жас ұлғайған сайын жұқара түсуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан кейбір адамдар үшін көз астының көкшіл реңк тартуы қалыпты жағдай.


"Жиі кездесетін медициналық проблемаларды нақтылау керек. Бұл анемия, микроэлементтер тапшығы, бүйрек немесе бауыр аурулары, жүрек-қантамыр жүйесі және тыныс алу жүйесіндегі ақау болуы мүмкін", - деді дәрігер.


Бочарованың айтуынша, ұйқының бұзылуы, шай несесе кофені шамадан тыс көп ішу, темекі шегу, түн уақытында жұмыс істеу, демалыс пен еңбек уақытын дұрыс үйлестіре алмау, компьютер алдында ұзақ уақыт отыру да көз астындағы терінің көгеруіне алып келеді.