Соңғы жылдары экранға шыққан қазақ мультфильмдерінің ішінде «Қошқар мен Теке» ә дегеннен-ақ көрермендердің ыстық ықыласына ие болғаны анық. Қашанда шетел мультфильміне құмартып, Шрек, Өрмекші адам, Спанджбоб десе ішкен асын жерге қоятын қазақ балаларын лезде баурап алып, кішкентайлардың қошқар боп алысып-жұлысып жүргеніне талай куә болдық.
Дегенмен де қазақы болмысқа жақын, әсіресе, жас көрермендерді күлкіге бөлеп, көптеп жинай білген «Қошқар мен Текенің» бар-жоғы екі-ақ сериясы шықты. Тіпті, ауыз толтырып айтудың өзі ұят… Мұндай кезде шетел мультфильмдері сериал-сериал боп түсіріліп, соңы көрінбей, ұбап-шұбап кетер еді. Жап-жақсы табылған персонаждардың небәрі екі-ақ сериямен шектеліп қалуына не себеп?
– Шынында «Қошқар мен Текені» жұрт өте жақсы қабылдады, – дейді бізбен әңгімесінде «Сақ» киностудиясының режиссері Батырхан Дәуренбеков. – Еңбегіміз бағаланып, бұл мультфильм Қытайда арнайы жүлдемен де марапатталды. Еліміздегі осы саланы сараптаушы мамандар «Қошқар мен Текені» ең үздік 5 мультфильмнің бірі ретінде бағалады. Айтпақшы, үздік деп бағаланған осы бесеудің үшеуі біздің «Сақ» киностудиясының өнімдері. Бұл да біздің сапалы еңбегіміздің айқын бір көрінісі болса керек. «Қошқар мен Текенің» екі сериясы «Қазақфильмнің» тапсырысы бойынша түсірілді. Қаржысын сол мекеме төледі. Қазір үшінші сериясының сценарийі жазылып, дайын тұр. Бұл серия алдыңғылардан да қызықты болатынына сенімім мол. Өйткені, қошқар, теке, қасқырлардан да бөлек персонаждар қосылған. Бірақ, осы серияны түсіруге қаржы болмай тұр. Әзірге демеушілерге хабарласып, ұсыныс айтқанымыз жоқ. Дегенмен де бұл іске қолдау болмаса, сценарий тартпада жатып, өз маңызын жоғалтып ала ма деген де қаупіміз бар.
Иә, елімізде мультфильм өндірісінің әлі де аяққа тұра алмай жатқаны туралы талай мәрте жазылды. Әйтсе де тапқырлығы мен шеберлігі арқасында жұртты мойындатып, ұлттың бітім-болмысын, тыныс-тіршілігін экран арқылы жарқыратып жүрген бұл өнерлі ұжымға Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан үлкен қолдау керек сияқты.
Оралхан ДӘУІТ,