Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы кинорежиссер Қанат Майлыбаевқа "Құдық" атты жаңа фильмін көрсетуге тыйым салды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Режиссердің айтуынша, бастапқыда ол фильмді түсіріп, көрсетуге Маңғыстау облысының әкімдігінен рұқсат алған. Бірақ премьераға екі күн қалғанда, 11 ақпанда әкімдіктен хат келген, онда фильмде қатыгездік, зорлық-зомбылық, оралмандарды қорлау көріністері бар және облыста көрсетуге тыйым салынғаны көрсетілген.
"Премьераға дейін фильмді ешкімге көрсетпедім, оны ешкім көрмеді. Бұл әділ емес, негізсіз. Оларды шақырсам да, жабық көрсетілімде әкімдік өкілдері болған жоқ. Фильмді көрместен көрсетуге тыйым салды. Мен фильмді көріп, баға беру үшін комиссия жіберуді өтіндім. Бұған қанша уақыт жұмсадым. Мәдениет және ақпарат министрлігінің жауабын күтпестен, облыстық әкімдік өз бетінше тыйым салды. Бұл жағдайды анықтағым келеді", - деді режиссер.
Майлыбаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне прокат куәлігін алу үшін жүгінген. Олар екі апта ішінде жауап беретінін айтқан.
Ал Мәдениет және спорт министрлігі құжаттарды толық ұсынбағандықтан, (өтініш берушінің фильмге немесе оны пайдалану құқығын растайтын құжаттардың электрон көшірмелері қоса берілмеген) режиссерге фильмді прокатқа шығару куәлігін беруден бас тартылғанын атап өтті.
Шынайы оқиғаларға негізделген "Құдық" драмасы 2020 жылы Маңғыстау облысында түсірілген. Фильмде атажұртқа оралған қазақ пен жергілікті қыздың арасындағы махаббат хикаясы баяндалады.