02 шіл, 2020 сағат 13:40

Коронавирусты жеңіл көтеретіндерге көмекті мобильді бригадалар ақылы көрсетеді - министр

Қазақстанда коронавирусты жеңіл және симптомсыз көтеретін адамдарға көшпелі бригадалар ақылы қызмет көрсетеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус жұқтыру күдігі болған адамдарға, індетті жеңіл немесе белгісі жоқ күйде көтеретін азаматтарға амбулаториялық көмекті мобильді көшпелі бригадалар көрсетеді. Осы күнге дейін 380 бригада құрылып қойды. Олардың санын 3 мыңға жеткізу көзделіп отыр. 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап көшпелі бригадалардың қызметі үшін арнайы тариф белгіленді. Ал емханаларға тіркелген халық учаскелік дәрігерлерден консультациялық көмек ала береді», - деді Алексей Цой бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, емханаға анықтама бойынша барғандарға карантиндік фильтрлар арқылы қызмет көрсетіледі.

Еске сала кетсек бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралған болатын. Мемлекеттік комиссияның шешімімен 5 шілдеден бастап елімізде 14 күнге қатаң шектеу шаралары енгізілетін болды.