16 ақп, 2021 сағат 17:55

Коронавирусқа ПТР-анықтамасы болмаған 269 шетелдік мемлекеттік шекарадан өткізілмеді

Коронавирусқа ПТР-анықтамасыз Атырау облысындағы мемлекеттік шекарадан өтпек болған 269 шетелдік елге кіргізілмеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ақпаратына сүйенсек, Атырау облысында «Атырау – РФ Астрахан» мемлекеттік шекарасындағы «Құрманғазы» автоөткелі арқылы азаматтардың келуіне мониторинг күн сайын жүргізіліп келеді. Мәселен, тек соңғы тәулікте (15.02.2021 жыл) облыс аумағына мемлекеттік шекара арқылы 180 адам, оның ішінде 7 жолаушы және 173 халықаралық жүк тасымалдарын жүзеге асыратын жүргізуші өткен. Оның ішінде 3 адамда COVID-19-ға анықтама болмаған. Олар карантиндік стационарға орналастырылды. 

«Шектеу шаралары енгізілген уақыттан бастап Атырау облысына 23 082 адам, оның ішінде 3 366 жаяу жолаушы, 19 716 жүргізуші келді. ПТР-анықтамасыз келген 269 шетел азаматына ел аумағына өтуіне тыйым салынды. Онымен қоса, анықтамасыз келген Қазақстанның 2 494 азаматына COVID-19-ға ПТР-тестілеу жүргізіліп, талдау нәтижесінде коронавирустың шеттен әкелінген 9 жағдайы (6 жүргізуші, 3 жолаушы) анықталды», - делінген ақпаратта.