19 мам, 2021 сағат 19:57

Коронавирусқа қарсы зарарсыздандыру не себепті жүргізілмейді?


ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов адамдар көп жиналатын жерлерде коронавирусқа қарсы зарарсыздандыру неліктен жүргізілмейтінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Былтыр коронавирус пандемиясы пайда болғанда вирустың таралу жолдары нақты зерттелмеген еді. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына орай зарарсыздандыру жұмыстары жиі жүргізілді. Ол тек Қазақстанда емес, әлем елдерінде орын алды. 2020 жылы министрлік коронавирустың белгісіз вирус болуына байланысты адамдар көп жиналатын орындарды, аялдамаларды, қоғамдық көліктерді зарарсыздандыру, зарарсыздандыру туннельдерін орнату шешімін қабылдады», - деді бірінші вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында. 

Оның атап өтуінше, бүгінде жүргізілген зерттеу нәтижелері мұндай іс-шаралардың тиімділігі төмен екендігін көрсеткен. 

«Осыған орай министрлік ғимараттарды, көшелерді, қоғамдық орындарды зарарсыздандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сай келеді», - деді Марат Шоранов.