Коронавирусқа қарсы препараттардың бағасы арзандады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының мәліметтеріне сілтеме жасап.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша коронавирус инфекциясына қарсы препараттар үшін шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі көзделген.
Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин кезінде қолданылатын шекті бағаларды қалыптастырудың ерекше тәртібі бойынша көтерме және бөлшек саудада маркетингтік шығыстарсыз, үстеме бағалардың регрессивті шкаласына сәйкес дәрілердің тізімі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына жіберіледі.
Бұл тізімдегі дәрілік препараттарға сұраныс көп болғандықтан, көтерме және бөлшек саудада 30 пайыз мөлшеріндегі маркетингтік шығыстар алып тасталған. Сондай – ақ, көтерме және бөлшек үстеме баға екі есе төмендеді. Егер бұрын көтерме үстеме баға 20 пайызға жеткен болса, онда антиковидті препараттар үшін тиісінше 10, егер бөлшек үстеме баға 55 пайызға дейін жеткен болса, антиковидті препараттар үшін 27 пайызға төмендеген. Мысалы, Кардиомагнил 75 мг №30, 75 мг №100, 150 мг №30 препараты үшін бөлшек үстеме баға 22,5 пайызды, ал Кардиомагнил 75 мг №100 препараты 17,5% пайызды құрайды. Осылайша, барлық антиковидті препараттарға арнайы тәртіп қолданылады.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің деректері бойынша, антиковидті препараттардың бағасы нарықтық бағамен салыстырғанда 27% пайызға төмендеген. Бұл шаралар қазақстандықтардың антиковидті препараттарға шығынын азайту мен алыпсатарлық әрекеттердің алдын алуға бағытталған.
Қазақстан аумағында дәрілік заттардың бағаларын реттеу жөніндегі өкілеттіктер ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелген. Ал дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан қымбат сату әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 426-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар, қазақстандықтар Dari.kz мобильдік қосымшасының көмегімен дәріханалардағы қандай да бір препараттың бағасын өз бетінше бақылай алады. Егер де дәрі-дәрмектің бағасы бекітілген бағадан жоғары болса, онда арнайы форманы толтырып, шағым қалдыруға мүмкіндік бар.
Осы ретте дәрілік заттардың емдік қасиеттері оригинал препаратпен бірдей болып келетін аналогтары болатынын ескерген жөн. Мысалы, кардиомагнил препаратының (белсенді заты ацетилсалицил қышқылы) 23 аналогы, ибупрофеннің (белсенді заты бар ибупрофен) 56 аналогы, сумамедтің (белсенді заты азитромицин) 50 аналогы, ксарелтоның (белсенді заты ривароксабан) 4 аналогы, клексанның (белсенді заты натрий эноксапарин) 2 аналогы бар.