31 мам, 2021 сағат 09:04

Коронавирусқа байланысты израильдіктерге Ресейге баруға тыйым салынды


Израиль денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа байланысты Ресейді "қауіпті елдер" қатарына енгізді. Израильдің барлық азаматтарына кемінде 13 маусымға дейін Ресейге баруға тыйым салынды. Тыйымның коронавирустан жазылғандар мен екпе алғандарға да қатысы бар. Ресейге баруға мәжбүр азаматтар комиссияның арнайы рұқсатын алуы керек. 

Ал осы уақыт аралығында Ресейден Израильге баратындар екі апта карантинде болады. 

Ресейден бөлек, "қауіпті елдер" тізімінде Аргентина да бар. 

Ресейдің коронавируспен күрес жөніндегі жедел штабының мәліметінше, соңғы бір күнде елде 9,5 мыңнан астам науқас анықталған. Бұл - наурыздың жартысынан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Жаңа науқастардың үштен бір бөлігі Мәскеуде тіркелген. Осыған дейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин мұны "маусымдық құбылыс" деп атап, науқастардың артуына мамыр айындағы ұзақ демалыстар әсер етті деп мәлімдеген. 

Ал Ресей президенті Владимир Путин "демалыс эпидемияны бәсеңдетеді" деген мамандардың сөзіне сүйене отырып, 1 мамыр мен 10 мамыр аралығында демалыс жариялаған еді. 

Қазір Ресейде былтырғы көктемге қарағанда карантин шаралары едәуір жұмсарған. Қазір қоғамдық шара өткізуге шектеу қойылған, азаматтар қоғамдық орындарға барған кезде маска тағуы тиіс.