Солтүстік Қазақстан облысына Катардан жеткен гуманитарлық көмек – жеке қорғаныш заттары өңірдің емдеу мекемелеріне бөліп беріледі, деп хабарлайды СҚО Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі.
Катар мемлекетінен 18 түрлі жеке қорғаныш заттары – барлығы 30 мыңнан астам өнім жеткізілді. Бұл көмек облыстағы 27 медициналық мекемеге бөлінді.
«Денсаулық сақтау басқармасы гуманитарлық көмекті бөлу кезінде емдеу мекемесінің сұранысын ескерген. Мәселен, Covid-19 диагнозы расталған сырқаттар жатқан бірінші қалалық ауруханаға 30 арнайы қорғаныш костюмі, 170 дана хирургиялық костюм және 300 дана қорғаныш көзілдірігі берілді. Бұдан басқа маскалар да үлестірілді», - делінген ведомствоның баспасөз хабарламасында.
Провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметтеріне де осындай көмек көрсетілді. https://www.youtube.com/watch?v=-FWgGs2BUgo
Бірер күнде СҚО-ға гуманитарлық көмек Ресейдің Түмен облысынан да жетпек. Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының президенті Есенғали Ибраев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көрші облысқа көмектесу үшін медициналық маскаларды, қолғаптарды, антисептиктерді сатып алып жатқандарын жазды.
«Мұны неге жазып отыр деген сұраққа жауап берейін: әлеуметтік желіде біздің ақпаратты оқып, Қазақстанның кәсіпкерлері хабарласты, акцияға қосылып, көмектескілері келетіндігін айтты. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарын сатып алуға қаржы бөлуге даяр. Бізді ұйымдастырушылық жұмыстарды қолға алуды, яғни құжаттары сай келетін сапалы медтехниканы жеткізушілерді тауып, аппараттарды сатып алып, СҚО-ға жеткізуді сұрады», - дейді Есенғали Ибраев.