Коронавируспен ауру маусымдық сипатқа ие болып барады. Бұл туралы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Осы жылдың ақпанынан бастап Қазақстанда халықты ресейлік «Спутник V» препаратымен вакцинациялау жүргізіліп жатыр. Ресей жәрдемінің арқасында аталған препарат өндірісі біздің елімізде де жолға қойылған. Бұл — табысты ғылыми-өнеркәсіптік кооперацияның жарқын үлгісі. Мұндай тәжірибені кеңейтіп, басқа да салаларға енгізуге болады», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да өзінің отандық QazVac вакцинасын әзірлегенін атап өтті.
«Осылайша, Қазақстан өзінің вакцинасы бар он елдің біріне айналды. Жүргізілген клинкалық зерттеулер оның тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. Бұған қоса, барлық болжамдарға қарағанда ковидпен ауыру маусымдық сипатқа ие болып барады. Вируспен күрестегі табыс кепілі халықты иммундау екені айқын. Бұл саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды жалғастыру барынша маңызды деп санаймыз», - деді ҚР Президенті.