Иорданияда халықты вакцинациялау жалғасуда, қазір мұнда ауру деңгейінің төмендеуі байқалады, бұл ел билігіне жазға дейін экономиканың жекелеген секторларын ашамыз деп үміттендіріп отыр, деп хабарлайды Корольдіктің Денсаулық сақтау министрілігі.
Рамазан айы Хашимит Корольдігінің коронавирус инфекциясының таралуын азайтуға бағытталған шектеу шараларымен тұспа-тұс келді. Бүгін Иорданиядағы барлық жеке сектор ұйымдары сағат 18.00-ге дейін жұмыс істей алады, адамдарға үйлеріне жету үшін тағы бір сағат беріледі, содан кейін кешкі жетіден бастап коменданттық сағат басталады.
Жұма күнгі шектеулер бұрынғы режимде жалғасуда, атап айтқанда төтенше жағдайлар мен кейбір коммуналдық қызметтерді қоспағанда, бейсенбі күні кешке сенбі күні таңертеңге дейін елдегі барлық қозғалысқа тыйым салынады.
Еске сала кетейік, Иорданияда, барлық Таяу Шығыс елдеріндегідей, жұма және сенбі демалыс күндері болып саналады.
Сонымен бірге, жұма күні БАҚ істері жөніндегі мемлекеттік министр және Иордания үкіметінің ресми өкілі Сахер Дудин Рамазан айының соңғы екі жұмасында мешіттерде жұма намазына рұқсат етілуі мүмкін деді.
«Бұл елдегі COVID-19 жағдайына байланысты», - деді шенеунік.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қабылданған шектеу шаралары мен халықты вакцинациялау оң нәтиже беруде. Бүгінгі таңда Иорданияда коронавирус жұқтырғандар мен вирустан қайтыс болғандардың саны азайып келеді.
Сенбіде Иорданияда COVID-19 жұқтырудың 1596 жаңа жағдайы тіркелді, инфекциядан 61 адам қайтыс болды.
Ел экономикасының негізгі секторларының бірі – туризм, сондықтан жазғы маусым қарсаңында билік те, осы секторға тартылған иорданиялықтар да антиковидтік шараларды жеңілдетуге және шетелдік туристерді тартуға мүдделі.
«ПТР-тестілердің оң нәтиже көрсеткіштері 5 пайызға дейін төмендегенде ғана оның салдарын жұмсарту бойынша шаралар қабылданатын болады», - деп атап өтті С.Дудин.
«Осылайша, жүргізілген ПТР-тестілердің жалпы санына оң нәтиже көрсеткіштерінің қатынасы 5 пайызға дейін төмендегенде, сауда мен қызметтердің түрлі секторларының жұмысы біртіндеп қайта жанданатын болады. Билік бұл 1 маусымнан бастап болады деп үміттенеді.
Иорданияның Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, қазір ПТР тестілерінің оң нәтиже көрсеткіштерінің зерттеулердің жалпы санына қатынасы 12-ден 14 пайызға дейін.
«Үкімет біздің азаматтарымыз бастарынан өткізіп жатқан күрделі экономикалық, әлеуметтік және психологиялық ахуалды біледі, бірақ сонымен бірге пандемия жағдайын кері қайтарғысы келмейді. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз жаз мезгіліне жету және қалыпты өмірге оралу», - деп атап өтті С.Дудин.
Ол жазда қауіпсіз жағдайға қол жеткізу үшін мүмкіндігінше көп адамды вакциналау қажет екенін атап өтіп, Үкімет үш миллион адамды вакциналауды бірінші маусымға дейін аяқтамақ ниетте екенін айтты.