Нидерландыда локдаунға қарсы демонстранттарға полиция су шашып, резеңке таяқ қолданды. Ирландия AstraZeneca вакциналарын қолдануды уақытша тоқтатқан Еуропаның бірнеше елінің қатарына қосылды. Бұл – вакцина алғандарда тромбоз пайда болып жатқандығы туралы хабарламаларға байланысты. Дегенмен, вакцинация мен қан ұю арасындағы байланыс әлі де дәлелденбеген. Ал Париждегі жансақтау бөлімшелерінде жатқан науқастар басқа қалаларға ауыстырылып жатыр. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар жөнінде ВВС хабарлайды.
Нидерланды полициясы Гаагадағы демонстрацияны тарату үшін адамдарға қарсы су шашып, таяқ пайдаланды. Митингіге қатысушылар карантин шараларын жоюды талап етуде.
Жексенбіде Гаага орталығындағы алаңға наразылық білдіруші екі мыңға жуық адам жиналды. Әлеуметтік қашықтықты сақтамаған тұрғындар митинг аяқталғаннан кейін де үйлеріне тараудан бас тартқан. Дауыс зорайтқыш арқылы жасалған ескертулерді елемеген. Бұдан соң полиция күш қолдана бастады. Бірнеше адам ұсталды.
Нидерландыда карантинге қарсылық білдірушілердің агрессивті наразылықтары екінші ай жалғасуда. Олар шектеулер мүлдем қажет емес немесе қоғамның ең осал топтарына ғана қатысты болуы керек деп санайды.
Қаңтар айының соңынан бастап Нидерландыда қатаң локдаун күшіне енді. Мейрамханалар мен барлар жабық, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытынан бері елде алғаш рет коменданттық сағат енгізілген.
Ирландияның Ұлттық иммундау комитеті тромбтардың пайда болуына байланысты Норвегиядан келіп түскен жаңа хабарламалардан кейін Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясы өндірген вакцинаны қолдануды уақытша тоқтатуға кеңес берді.
Бұған дейін AstraZeneca вакцинасын Болгария, Дания, Исландия, Норвегия және Таиланд тоқтатты. Себебі Еуропаның 30-ға жуық тұрғыны Оксфорд вакцинасын алғаннан кейін тромбтар проблемасына шағымданған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жұма күні AstraZeneca вакцинасы мен қан ұйығыштық арасында ешқандай дәлел жоқ екенін мәлімдеп, елдердің билігін пандемиямен күресте вакцинаны қолдануды тоқтатпауға шақырды.
Франция билігі ел астанасының медициналық мекемелерінің жүктемелерін жеңілдету үшін кейбір науқастарды Парижден және оның маңынан елдің басқа қалаларына тасымалдау шешімін қабылдады.
Коронавирус жұқтырудың жаңа жағдайларының көбеюіне қарамастан, Франция президенті Эммануэль Макрон әлі де ұлттық карантин енгізер емес. Коронавирус бойынша статистикасы жоғары жекелеген қалаларда қатаң шаралар күшінде, олар тек Парижде қолданылмайды.
Қазіргі уақытта Францияда Covid-19-бен ауыратын 4,1 мың адам интенсивті терапия бөлімінде жатыр. Оның 1,1 мыңы – Парижде және оның айналасындағы елді мекендерде.