Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі AstraZeneca вакцинасын алғаннан кейін тромбоз жағдайларының пайда болуы арасында еш байланыс таппады. Осы ретте бірқатар еуропалық ел аталмыш препаратпен егуді жалғастырмақ. Ал Киев билігі коронавирус жұқтырғандар санынының артуына байланысты 9 сәуірге дейін локдаун енгізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ВВС агенттігіне сілтеме жасап.
AstraZeneca – бұл қауіпсіз және тиімді вакцина. Мұндай қорытындыны Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі (ЕМА) жасады. Агенттік Оксфорд вакцинасын алған адамдарда қан ұю жағдайларын тексерген.
Агенттік атап өткендей, оны қолданудың оң әсері барлық ықтимал тәуекелдерден асып түседі.
EMA AstraZeneca вакциналары мен кейбір пациенттерде болған тромбоз арасында еш байланыс жоқ екенін растады.
Бұған дейін Еуропалық одақтың бірқатар елі, соның ішінде Австрия, Франция, Германия, Италия, Нидерланды және Испания AstraZeneca вакцинасымен егуді уақытша тоқтатқан болатын. Себеп – вакциналанғандарда ауыр тромбоэмболиялық асқынулардың пайда болуы.
Германия аталмыш вакцинадан кейін тромбтардың пайда болуының жаңа жағдайлары жөнінде әлі де хабарлауда. Ел билігі бұл вакцинамен егуді өткен дүйсенбіде тоқтатқан еді. Ол кезде қан ұюға қатысты 7 оқиға туралы айтылған болатын. Оның ішінде үш науқас көз жұмды.
Еуропа AstraZeneca вакцинасымен егуді қайта жалғастырады
Еуропаның дәрі-дәрмек жөніндегі агенттігі Oxford-AstraZeneca вакцинасын қауіпсіз деп танығаннан кейін көптеген еуропалық ел аталмыш препаратпен егуді қайта жалғастыратынын мәлімдеді.
Германияның денсаулық сақтау министрі Йенс Спанның атап өтуінше, елде коронавирусқа қарсы AstraZeneca вакцинасымен егу жұмадан бастап қайта жүргізіледі.
«Федералды үкіметтің және 16 жердің мақсаты – AstraZeneca-мен егуді ертеңнен бастап жалғастыру», - деген Й.Спан, бұл ретте, дәрігерлер вакцинация жасамас бұрын адамдарға тромбтың пайда ьолу ықтималдығы жөнінде ескертуі керектігін айтты.
Ал Испания AstraZeneca-мен егуді келесі сәрсенбіден бастамақ. Бұл туралы бейсенбі күні денсаулық сақтау министрі Каролина Дариас мәлімдеді.
Бұған дейін Италия да аталмыш препаратмен егуді жалғастыратынын мәлімдеген болатын.
Тек Швеция билігі бұл мәселе бойынша шешім қабылдау үшін «бірнеше күн қажеттігін» айтқан болатын.
Францияда жаңа локдаунПариж бен оның маңындағы қалаларда енгізіледі. Францияның солтүстігі мен Ницца айналасындағы аумақ сенбіден бастап төрт аптаға созылатын жаңа шектеу аймағына кіреді. Бұл аймақтарда Covid-19 індетін жұқтырушылар санының күрт өсуі байқалды.
Премьер-министр Жан Кастекстің пайымынша, Францияның кейбір аудандарын қазір коронавирустың үшінші толқыны басты. Жалпы, ел бойынша күн сайын инфекцияға шалдығудың 35 мың жағдайы тіркеледі, олардың төрттен үші Covid-19-дың британдық жаңа түріне шалдығушылар.
Жаңа локдаун мектептер мен университеттердің жабылуын көздемейді, сондай-ақ адамдардың ашық ауада жаттығулар жасай алатын уақытын шектемейді. Бірақ кішігірім дүкендер жабылып, Парижден басқа аймақтарға баруға тыйым салынады.
Бүкілхалықтық коменданттық сағат өз күшінде қалды, бірақ жазғы уақытқа байланысты ол кешкі 6-дан емес, 7-ден басталады. Ж.Кастекс сонымен бірге Франция ертеңнен бастап Еуропалық медициналық агенттік мақұлдағаннан кейін AstraZeneca вакцинасымен егуді қайта бастайтынын және өзі де екпе алатынын айтты.
Киевте күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 20 наурызда сағат 00.00-ден бастап қатаң локдаун жарияланды, ол 9 сәуірге дейін күшінде болады, деді қала мэрі Виталий Кличко.
20 наурыздан бастап Украина астанасында сауда орталықтары, мейрамханалар, мұражайлар, театрлар мен кинотеатрлар жабылады. Киевтегі қоғамдық көліктер әдеттегідей жұмыс істейді. Бірақ оның толымдылығы 50% аспауы керек және барлық жолаушы маскалық режимді сақтауы қажет.
Соңғы бірнеше күнде Украинада коронавируспен ауруханаға түскендердің саны бойынша рекорд орнады: 16 наурызда ауруханаға 5 мыңға жуық адам, 17 наурызда 4,3 мыңнан астам адам түсті.