30 сәу, 2021 сағат 14:55

Коронавирус: Елімізде дәрілік заттардың 2 айлық қоры бар


Коронавирусты емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша препараттардың 2 айлық қоры бар. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дәрімен қамтамасыз етуде іркілістерді болдырмау үшін бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында Сovid-19-ды емдеуге арналған дәрілік заттардың 38 позициясы бойынша 6 млрд теңгеден астам сомаға препараттардың 2 айлық қоры айына 60 мың пациентті қамту үшін қалыптастырылды», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта зертханалық ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 123 мыңға дейін жеткізілді. 

«Қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік инфекциялық ауруханасы салынды. 36 мыңға жуық төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген. Медициналық ұйымдардың өкпені жасанды желдету аппараттарына қажеттілігі толық қамтамасыз етілді», - деді А. Цой. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Алексей Цой ауруханаларда инфекциялық орындардың жүктемесі туралы түсінік берді.