Үндістанда коронавирус індеті өршіп, дәрі-дәрмек жетіспеуде. АҚШ-та коронавирустан 130 млн адам вакциналанды. Португалия, Швейцария мен Словенияда карантиндік шектеулер жеңілдетілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Үндістан ауруханаларында төсек-орын, оттегі қоры және қарапайым дәрі-дәрмектер жетіспеуде. Дүйсенбіден бастап Дели қаласында алты күнге локдаун жарияланды. Өйткені қалада өткен 24 сағат ішінде 273,8 мың адам індетті жұқтырып, тәуліктік сырқаттанушылықтың жаңа рекордтық көрсеткішін көрсетті. ⠀
Канаданың Онтарио провинциясында індеттің күрт өсуі байқалған. Елдің Премьер-министрі бұл жағдай алаңдатарлық екенін жеткізді. Провинцияға қосымша аурухана жабдықтары мен медициналық қызметкерлер жіберіледі.
АҚШ билігі вакцинация науқанының маңызды кезеңін атап өтті: Елде ересектердің жартысы вакцинаның кем дегенде бір дозасын алған – бұл шамамен 18 жастан асқан 130 миллион адам.
Жазғы демалыс маусымы қарсаңында Греция жаңа ереже енгізді: толық вакцинациядан өткен немесе теріс нәтижесі бар анықтама көрсеткен ЕО, Ұлыбритания және АҚШ азаматтары міндетті апталық карантиннен босатылады. ⠀
Таиланд билігі апта бойы сырқаттанудың рекордтық көрсеткіші тіркелгеннен кейін статистиканың аздап төмендегенін атап өтті. Соңғы тәулікте елде тек 1390 адам ауырып қалды, бұл жергілікті дәрігерлердің айтуынша, оптимизмді тудырады. Соңғы уақытта күнделікті көрсеткіштер 1700 адамнан төмен болмаған. ⠀
Португалияда дүйсенбіден бастап мейрамханалар, сауда орталықтары, мектептер мен университеттер ашылады. Билік шектеу шараларының жеңілдетілуіне байланысты әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережелерін және басқа да эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтау өте маңызды екенін жеткізді. Бұзушылықтар үшін үлкен айыппұлдар қарастырылған. ⠀
Швейцария да бірқатар шектеу шараларын жеңілдетті. Мейрамханалар мен кафелер ашық террассаларда клиенттерге қызмет көрсетуге оралды, кейбір спорт нысандары ашылды, студенттер дүйсенбіден бастап күндізгі оқуға оралады. ⠀
Словенияда қызмет көрсету саласының едәуір бөлігі, оның ішінде мейрамханалар мен сұлулық салондары қайта ашылуда. Черногорияда дүйсенбіден бастап оқушылар мектептеріне оралады.