Үндістан елінде індетке шалдыққан адамдар саны 1 миллионнан асты, ал Бразилияда ауруға шалдыққан 2 миллион адам тіркелген, АҚШ-та бір тәулікте ауырған адамдардың рекордтық саны жаңартылды.
Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, пандемия басталғаннан бері коронавирусты 13,8 млн адам жұқтырып, 590 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Covid-19 зардаптары туралы соңғы мәліметтерді ВВС агенттігі хабарлады.
Үндістан ауруға шалдыққан адамдар саны жағынан АҚШ пен Бразилиядан кейін үшінші орында тұр. Халық саны 1,3 млрд адамды құрайтын ел үшін індет жұқтырған бір миллион адам айтарлықтай көрсеткіш емес болып көрінгенімен, аурудың тарау жылдамдығы соншалық, елдің денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсуі мүмкін.
Бразилияда індетке шалдыққан 2 миллионнан астам адам тіркелген, вирустың қарқыны баяуламай отыр.
Бразилия халқының саны – шамамен 210 млн адам. Ауру жұқтырғандар саны жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Бір апта бұрын коронавирусқа тест тапсырған президенті Жаир Болсонарудың ауруға шалдыққаны расталғанымен, ол вирустың қауіпті емес екенін дәлелдеуге тырысуда.
Ресми статистика бойынша, Covid-19 Бразилияда 74 мыңнан астам адамның өліміне себеп болған, бірақ аурудан көз жұмғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.
АҚШ-та пандемия басталғалы бір тәулік ішінде ауру жұқтырудың жаңа рекордтық көрсеткіші тіркелген (74,5 тыс. оқиға). Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, енді елде ауруға шалдыққандар саны 3,57 млн адамнан асып отыр.
Індет жұқтырушылар санының өсімі 30 штатта байқалды. Ел бойынша Covid-19 вирусынан бір тәулікте мыңға жуық адам қайтыс болған. Пандемия басталғалы коронавирус 138 мыңнан астам адамның өмірін қиып әкетті.